Ынтасыз баланы университетке түсіріп не керек...
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Ынтасыз баланы университетке түсіріп не керек...

Міне, тағы бір оқу жылы мәресіне жетіп, мектеп қабырғасынан қанат қатайтып ұшқан түлектер өздерінің болашағына негіз қалау үшін жоғары оқу орындарына құжат тапсырудың қам-қарекетінде жүр. Арнайы білім алуды алдына мақсат етіп қойған жастардың жөні бөлек, дегенмен араларында ата-анасының жетектеуімен келгендері де, оқуға деген ықылас-ниеті төмендері де табылады. Кейбіреулері қай мамандықты таңдауды білмей, бас қатырып жүр. Араларында мектепте «су ми» атанып кеткен білімі таяздары да жетіп артылады. Ондайлар өзінің қарым-қабілеті мен білім-білігі қандай мамандыққа сай келетінін бағамдай алмай жатып «әйтеуір, қатарымнан қалмайын» деген желеумен кез келген оқуға түсе салуға дайын. Ондай баладан ертеңгі күні қандай маман иесі шығады? Міне, осы жағы, өкінішке қарай, көптеген ата-аналарды онша ойландыра бермейді.

Жалпы, білімге құлқы жоқ балаға «бас қатырып», жетектегендей етіп жо-ғары оқу орындарына апару қаншалықты қажет? Бәлкім, оны бес жыл бойы мәжбүрлікпен «оқытып», қаншама ақша ысырап етіп, уақытын жоғалтқанша, өзінің бейімі бар кәсіпке баулыған дұрыс шығар? Әлде, баланың бәрі бірдей жоғары білім алуға міндетті ме? Жоқ, баланы жастайынан кәсіпке баулу, өзінің көңілі қалаған жұмысы арқылы болашағына бағдар беру – ең дұрыс шешім.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі ата-ана балаларын шіренген шенеунік, сот, тым болмағанда, банкир болса екен деп армандайды. Сол себепті балаларын тірнектеп жиған ақшасын шашып оқытып жатыр. Баласы оқып жүрген мамандығына қызығады ма, жоқ па, ол жағына мән беріп жатпайды. Бізде заңгер, экономист, қаржы саласының мамандары жетіп артылады, есесіне дәнекерлеушілер, шаштараз, көлік жөндеу саласының мамандары жетіспейді. Себебі кәсіптік білім көбіне керексіз, соның оқуына түсірсе, ел-жұрт мазақ етеді деп ойлайды. Оны оқымай-ақ үйреніп алуға болады деген түсінік те бар. Мүмкіндік болса, жоғары оқу орнына, онда да үлкен қалалардағы аты дардай университеттерге барғысы келеді. Төлемақысының қымбаттығы да қызықтырмайды.

Осылайша төрт-бес жыл ақшаны бекерге шашып, қалта-сына табақтай диплом салып келген жас маман ауылдағы анау-мынау жұмысты менсінбей жүріп алады. Өз мамандығы бойынша жұмыс табылмайды. Өйткені әр ауылға бір-бір заңгер немесе банкир, экономист керек емес қой. Медициналық білім алуды күрделі деп білетіндер бұл мамандыққа да бара бермейді. Есесіне көптеген ауылдарда дәрігерлер жетіспей жатады. Ал, жұмыс табыла бермейтін мамандықты таңдаған жастар екі қолын қалтасына салып, талтаңдап қашанғы жүрсін, үйленген соң бала-шаға бағу керек болады да, баяғы өзі менсінбей кеткен майда кәсіппен айналысуына тура келеді. Ебі барлар көлік жөндейді, электрик болады. Ең болмағанда, құрылыста жұмыс істейді. Бірақ, оны да қарық қылмайды. Себебі, арнайы білімі жоқ, оның үстіне жоғары біліммен осындай жұмыс істеп жүргеніне қапалы. Осылайша қоғамда дүбара мамандар көптеп пайда болып жатқан секілді. Қалтасындағы дипломына қарасаң, білдей қаржыгер, ал атқарып жүрген жұмысына қарасаң – құрылысшы. Сол үшін баланың бәрін жоғары білім алуға міндеттей бермей, арасында техникадан, құрылыстан, ауыл шаруашылығынан хабары барларды осы салаға бейімдеу керек деп пайымдаймыз. Ата-аналар балаларын адастырмай, нақты жол көрсетіп, болашағына дұрыс бағыт-бағдар беруге үлкен жауапкершілікпен қараса екен дейміз.

Өркен МЫРЗАБЕК,
Қ.А.Ясауи атындағы
ХҚТУ-дің 1-курс студенті

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter