Жол қадірін білмеген кұм етеді
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Жол қадірін білмеген кұм етеді

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің рахатын көретін бірден-бір аймақ – өзіміз. Ой-шұқырға ұрынбайын деп рөлмен алысып отыратын заман жоқ қазір, қай ауданға барғың келеді, көзді-ашып жұмғанша жетіп барасың. Көлік бүлкілдемей, бүйрек алынбай, нысаналы жеріне жеткен әр пенде «Апырай, мына жолды не де болса қатырған екен» деп айтып қалады міндетті түрде. Құдайдың қарасқаны да, өзгелердей аудандарымыз әр жақта шашылып жатса, мұндай болар ма еді, болмас па еді. Қыздың тізген моншағындай өзен жағалай қоныстанған елдің ырзық-несібесі, әрине, темір жол мен автожол дегеннің азабы біз үшін жат дүниеге айналды.

Осындайда ғой қолдағы бардың қадірін білейік дейтініміз. Аспаннан салбырап түскен дүние жоқ, еңбекпен, бейнетпен қол жеткенін көзіміз көрді. Қызылорда облысына тиесілі көлік дәлізінің 812 шақырымына 163 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Қазаққа болсын деп, қалтасынан ақша шығарып, ешкім қайырымдылық жасамағаны белгілі жайт. Ол бітем дегенше халық көрген қиындықты айтпай-ақ қоялық. Халықаралық стандартқа сай төселген жолды күтіп-баптап ұстаса, талай жылдың бедерінде осы қалпынан таймай қызмет көрсетері анық. Өкініштісі, қазірден бастап түзу тұрған дүниені қисайтуға құмарлар төбе көрсетіп жатыр.

Апта бейсенбісінде халықаралық транзиттік көлік дәлізі бойында қауіпсіздік пен пайдалану талап-тарының сақталуы бойынша арнайы рейд жүргізілді. «Қазавтожол» АҚ Қызылорда облысы филиалы мекемесі «Қазақавтожол» МКК, жергілікті полиция, облыстық көліктік бақылау инспекциясы мамандарымен бірлесіп өткізген шараға БАҚ өкілдері де қатысты.

Төрт аяғымен жайылатын малда ес бар ма, тақтайдай жолдың үстінде ары-бері тайраңдайды. Соның нәтижесі, сол түні транзиттік жол бойында жүйткіген автокөліктер 2 жылқы, 1 сиырды соғып мерт етіпті. Әйтеуір, адам аман. Алғашқы дерек Шіркейлі ауылы тұсында тіркелсе, қалған екеуі Шаған ауылы маңында орын алған. Екінші дерек естен тандырады, жылқы «Ауди» автокөлігінің төбесін жапырып жіберген және сол жапырылған күйі жоғары жылдамдықпен жол шетіне шығып, қоршау бағанын қирата барып тоқтаған. Қалған екі оқиғаның көлік егелерінің кім екендігі белгісіз.

Ең бірінші айтатын мәселе – мал егелерінің жауапсыздығы. Бақташысыз, бетімен кеткен төрт аяқтының кесірінен жол үстінде апатты оқиғалар жиі кездеседі. Жыл басынан бері 15-тен астам материалдық шығын келтірген дерек тіркелсе, мамыр айының соңында Жаңақорған ауданы шекарасында адам өліміне әкеп соқтырған оқиға орын алды. Мұны бір деп қойыңыз.

Егесіз мал кесірі мұнымен бітпейді, жол бойындағы қоршауларды қиратып кететіні өз алдына, көлеңке қуып, көпір астындағы бекітпе үйіндіні жарамсыз етеді. Өзіміз куә болдық, Шаған ауылына барар жолда ыстықта шыбындаған мал көпір астының ат-көпірін шығарып, мамыражай тұр.

Ал, мал егесі қайда? Көлікке соғып өлген малдың егесін табу – қиынның қиыны. Құлақта сырға бірінде бар, бірінде жоқ, барларының өзін асыраушысы маңына жолатпайды. «Таба алмай жүрмін, біреуге сатқанмын» дегендей, түрлі сылтау айтады. Өйткені, жауапкершілігі қаралып, айыппұл төлейтінін жақсы біледі.

Біз енді «Қазавтожол» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалының бас маманы Ғалымжан Оспановты сөйлетейік:

– Өздеріңіз көріп отырғандай, жолда малды қағып кету оқиғалары, әсіресе, жазда жиі болады. Оның арты өкінішті жағдайға апарып соқтыруы мүмкін. Сондықтан да, тұрғындар малды бақташымен бағуды ұйымдастырғандары жөн. Былтыр аймақ басшысының тапсырмасымен шешім қабылданып, барлық аудандарға осы бағытта жұмыс жасау міндеттелген. Өкінішке орай, әлі жолға қойылмай келеді, - дейді ол.

Қорытқанда, қараусыз мал жолға зиянын тигізіп қана қоймайды, апатты жағдайларға да себепші. Яғни, бұған тез арада тосқауыл қоймаса болмайды. Ұят та болса айтайық, жол бойынан мал айдап өтетін өткелдер салынған екен. Өкінішке орай, оның сым қоршаулары қолды болыпты. Ұры алыстан келмейді. Мәселен, Жаңақорған ауданының Манап ауылы тұсындағы мал айдап өту өткелінің 14 метр темір бұрыштарын бәзбіреулер жымқырып әкетіпті. Ал, қоршауларының іргесін босатып, «бүгін-ертең әкетуге» дайын-дап қойған көрінеді.

Су жайылған жердің жайы белгілі, қазір қарап отырсаңыз, жолдың екі бетінде егістіктен ағызылған мелиоративтік су жиналған тұс көп. Оның ақыры не болатыны екібастан белгілі. Ызаланған нәрсе өз қалпын ұзақ сақтап тұра алмайды. Мамандар шаруашылықтарға хат жолдап, тиісті шара қолдануын талап етіп жатқанын айтады. Бірақ, нәтиже болмай тұр.

Ал, халықаралық транзитті бабында ұстау үшін жаз мезгілінде жүк көліктерінің салмақтарына шектеу қойылады. Көліктік бақылау инспекциясының мамандары кешегі рейд барысында жылжымалы бақылау бекетімен жүк көліктерінің салмағын тексеріп жатты. Мұндай бақылауды үздіксіз жүргізбесе, жаз айында шектен тыс жүк артатындар жиі кездеседі. Мәселен, артық салмақ артқаны бар, басқасы бар, өткен жылы 750 құқық бұзушылық тіркеліп, 2014 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өскен. Салынған айыппұлдар мен жүк автокөліктерінің жүріп өткені үшін алынған сома 260 млн. теңгені құраған.

Қызылордадан Шиелі ауданына қарай жүрген соң бірнеше шақырымнан кейін жолдың кей тұсы толқындана бастағанын байқадық. Бұл – артық салмақ пен ыза судың әсері екендігінен болғаны айтпаса да түсінікті.

Осымен мәселе тәмамдалған жоқ. Қызылордадағы «Қазақавто-жол» мемлекеттік комуналдық кәсіп-орны түзу жолдың қисайған тұсын қалыпқа келтіруге жауапты. Мекеме мамандарының мәліметінше, жол элементтерін 2015 жылы 32 автокөлік соққан. Оның 1-еуінің ғана егесі анықталыпты. Ал, жыл басынан бері 4 оқиға тіркеліп, 3-еуінің себепкері белгілі болыпты. Жол жанашырлары «жаңадан салынған темір қоршаулардың қазіргі таңда 10 пайыздайы жарамсыз» дейді. Ең сорақысы, дәретханалардың есігіне, қоқыс жәшіктеріне «жиендік» жасаудан да аман емеспіз.

Айта беретін несі бар, күретамыр жолдың жағдайын бақылауда ұстайтын «Қазавтожол» мамандары көп мәселенің басын ашты. Ел болып жанашырлық танытпасақ, «жібек қадірін білмеген жүн етедінің» кері келуі ықтимал. Бүгінгі таңда дәліз бойынан орын тепкен сервистік қызмет көрсететін мақтауға тұрарлық нысандар қатары артып келеді. Қазіргі таңда 33 кәсіпкердің жобасы мақұлданып, олардың 19-ы қызметіне кірісіп те кеткен. Алдағы уақытта Қызылорда мен Шымкент арасын ақылы жолға айналып, жолаушылар қауіпсіздігіне бар жағдай жасалады деп жоспарлануда. Оның тайқазанға түсірер табысы аз болмаса керек. Сондықтан да, несібені молайтып, күн көрістің күретамырына айналған, «Ұлы жібек жолының» бүгінгі ізбасарын қадірлей білгеніміз абзал. Сөз соңын «Адамға зияны тиетін нәрселерді жолдан алып тастау да – садақа» деп аяқтасақ...

Н.ТАСТЕМІР

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter