Дәрі неге қымбат десек...
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Дәрі неге қымбат десек...

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Соңғы бес-алты айда дәрі-дәрмектің айтарлықтай қымбаттап кеткенін айтып, шағымданушылар көп. Адамдардың елу пайыздан астамы дәрілік препараттарды ауадай қажет ететінін ескерсек, бұл қымбатшылыққа байланысты қоғамның наразылық тудыратындай жөні бар. Бірақ, қанша жерден қиғылық салғанымен, ауаға жайылған баға асау аттай мойнына құрық салдырар емес.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды дәрі-дәрмегі қымбат елдердің қатарына қосты. Емдік өсімдіктің барлығы дерлік өсетін елде дәрі өндірісін қолға алу қиын ба? Әлде, қымбатшылықты қолдан жасап отырған белгілі бір мүдделі топ бар ма? Егер дәрі дайындау қазаққа қол емес дейін десек, бұған дейін отандық өнімнің көрсеткіші көш ілгері болған. Айталық, осыдан он жылдай бұрын біздің дәрі өндірушілеріміз ішкі сұраныстың 30 пайызын өз өнімдерімен жапқан болса, кейінгі 2010-2011 жылдары бұл көрсеткіш тіпті 50 пайызға жеткен. Жыл санап жұмысы жақсарып келе жатқан отандық фармацевтиканың көрсеткіштері, неге екенін, кейінгі кезде кері, кете бастаған. Кері кеткенде де анау-мынау емес, бір жылдың ішінде 50 пайыздан 15-ке бір-ақ құлдилаған. Сонда елдегі басқа сала алға қарай жылжи түскенде фармацевтшілерге құлдырау қайдан келген?

Осы мәселеге байланысты Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешевке сауал жолдаған депутат Тұрсынбек Өмірзақовтың белсенділігін жоғары бағалаған ол бұл жерде белгілі бір адамдардың мүддесі жатуы мүмкін деген күмәнін де жасырмайды. «Барлық сала бойынша даму көрсеткіші байқалып тұрған тұста тек дәрі өндірушілерге ғана келіп жатқан бұл не зауал? Әлде бұл жерде адам факторы жұмыс істеп тұр ма? Дәрі өндірушілер біреулердің алдына түсіп кетіп, аяқтан шалынды ма? Халыққа, әсіресе, қарт адамдарға ауадай қажет дүниені шығартпау кімге керек болды екен? Министр осы сұрақтардың жауабын айтар деген үміттеміз».

Жалпы, дәрінің «жыры» бұған дейін де аз айтылмайтын еді. Дәріхана сөрелерінде өзіміздің отандық өнімдер самсап тұрған кездерде де шетелдің қымбат дәрілеріне деген сұраныс жоғары болғаны жасырын емес. Бұрыннан қымбат дәрі енді тіпті аспандап кеткен. Себебі, мата даңқымен бөз өтетінін білетін дилерлер өз тауарларын жарнамалауға келгенде алдына жан салмайды. Бақылаудың жоқтығынан кейде қымбат дәрілердің атын жамылған арзанқол дүниелердің де жолы болып жатады. Сайып келгенде, оның зардабын алданып отырған қараша халық тартады. Кейбір деректер біздің бұқара жылына 120-130 млн теңгеге жасанды дәрі-дәрмек сатып алатынын келтіреді. Қып-қызыл ақшаға сатып алынған дәрі дертке дауа болмай, қайта ауруды одан сайын асқындыратын болса ше?

«Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, соңғы кездері елдегі сарапшылар сырттан келетін дәрілерді сатқызбау туралы да мәселе көтере бастады. «Импортты дәрі-дәрмектерге трансұлттық, әлемдік проблема деп қарау керек. Бұл өнімдер елге сырттан әкелінеді деп айтамыз, бірақ қайсыбірі өзімізде де өндірілуі әбден мүмкін. Сондықтан жалпы өндіріске алдымен отандық дәрі-дәрмектерді енгізу қажет, тіпті болмағанда шеттен келетін дәрі-дәрмекке қатаң бақылау керек» деп отыр. Сарапшыларымыз осылай деп жатқан тұста ғалымдарымыз қазақстандық дәрі өндіруге, оны қолданысқа енгізуге әлі де айрықша мән берілмей жатқанын алға тартады. Мысалы, көптеген елдер отандық дәрі-дәрмегінің сапасын ұлғайту мақсатында дәрі шығаратын ірі зауыттардың қасынан шағын зауыттар ашу үрдісін жетілдіріп отыр. Осы үрдіс арқылы олар фармацевтикасын тереңдете дамытуға мән беруде. Ал бізде керісінше кешегі күнге дейін шығып келген отандық өнімдер түрлі кедергілерге тап болып, шығуын да тоқтатқан.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter