Қазақстанның рейтингісіне сенесіз бе?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Қазақстанның рейтингісіне сенесіз бе?

Қазақстанның рейтингісіне сенесіз бе?
  • Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

Жыл сайын алуан-алуан бағыттар бойынша жүздеген халықаралық зерттеулер жүргізіліп, талай-талай рейтингілер түзілетініне осы күні көзіміз үйреніп қалды. Солардың кейбірінде біздің мемлекет қабағы салыңқы, еңсесі түсіңкілердің сапынан көрінсе, енді бірінде тұрақты даму мен озық көрсеткіштері жөнінен жүзі балбұл жайнап жүреді. Әйткенмен бұл сандар мен пайыздарды ауыз толтыра мақтану немесе әкесін танытып сынау үшін емес, біздіңше, ілгері адымдау жолында қам-қарекет жасау үшін мұрындық ретінде кәдеге асырған жөн.

Өтірік пен шынның арасы

Жалпы, қазақстандықтар шетелдік сарапшылардың тұжырымына құлай сеніп үйренген, тіпті кеңес дәуірінен солай. Алайда бұл ретте парадоксты жағдайдың қалыптасып отырғаны да өтірік емес. Мәселен, сырт көз – сыншылардың зерттеулеріндегі біздің өмірімізге қатысты жағымды тұстарды кейде көпшілігіміз елей бергіміз келмейді де, керісінше, елімізді келеңсіз қырынан көрсететін ақпараттарды іліп әкетіп, құлшына талқылайтынымыз рас. Бұл ретте ресми құрылымдардың да халықаралық рейтингілерге ішінара іріктеп (бәлкім, «өзіне қолайлысын» деген дұрыс шығар) қарайтынын да жоққа шығаруға болмас.

Бірақ бір анығы, қай-қай тараптың да әдетте аталмыш рейтингілерге деген көзқарасы мектептегі ұстаздың бағасына деген көзқарастан әріге барған емес. Әрине, мұны дұрыс «подход» дей алмаймыз, сыртқы жұрттың біз туралы пікір-пайымына тереңірек үңілгеннен бір жеріміз кеміп қалмайды ғой. Тіпті әділетсіз сыналып жатсақ та, сынға бір ауық назар салып, айтылған мәселелерді ой елегін өткізіп қойғаннан халық та, билік те ұтылмайды. Себебі халықаралық зерттеулердің аужайына шет мемлекеттердің Қазақстан дейтін ел өздерін түк те қызықтырмайтын қарапайым жұртшылығынан бөлек, ойы жан-жақта жүретін, әлемнің әр бұрышында «интерестері» бар саясаткерлері мен кәсіпкерлері де көз тігіп отыруы бек мүмкін.

Жо-жоқ, өзгелермен ынтымақтастық жасау мақсатында олардың көзіне тартымды болып көріну үшін түрлі көрсеткіштер бойынша рейтинг қуып, өкпемізді өшірейік демейміз. Өйткені «өтіріктің құйрығы – бір-ақ тұтам» демекші, қолдан жасалған рейтингтің сыры халықаралық ұйымдар мен шетелдік инвесторлардың немесе жай ғана туристердің табаны қазақтың топырағына тиген күні-ақ мәлім боп қалады. Сол кезде еліміздің әлеуеті «турнирлік кестедегі» әп-әжептәуір орынмен сәйкес келмей тұрса, бетімізден отымыз шықпай ма?!

Үміт ұялатады

Бүгінде төрткүл дүниеде Қазақ елінің аты аталатын, мерзімдісі бар, «одноразовыйы» бар, жүздеген рейтингтік зерттеулер жүргізіледі екен. Соның кейбіріне, біршама маңыздыларына тоқтала кетейік.

Дүниежүзі бойынша кеңінен таралғаны – «Мемлекеттердің қауқарсыздығы рейтингісі» («Fragile States Index»). Ол «Бейбітшілік қоры» мен «Foreign Policy» журналының тізе қосуымен соңғы оншақты жылдан бері жасалып келеді. Мейлінше объективті һәм көп деңгейлі бұл зерттеу арқылы өз мемлекетіңіздің әлемдегі шыққан биігін байқап қана қоймай, берілген балдың мән-жайымен де танысуға болады. Мәселен, аталмыш рейтингіде биыл Қазақстанның пешенесіне мүмкін болған 10 балдың 5,5-і жазылыпты. Ал тізімде 178 елдің арасында 113-ші болып тұр. Бұл ретте тізімдегі елдерді төменнен жоғары қарай санасаңыз да, оқа емес. Өйткені ең көп балл жинаған Финляндия 178-орынға жайғасыпты. Яғни жақсы көрсеткіш – астыңғы жағында. Санап көрдік, Қазақстан – 65-ші. Жаман емес сияқты, ә!

Әйткенмен әр жыл сайын біздің еліміздің бұл рейтингіде шамамен бір-екі позицияға көтеріліп келе жатқанын да атап өткен абзал. Арасында жанымызға майдай жаға бермейтін цифрлар да жүр. Дәлірегі, экономиканың тұрақсыздығы мен адам дамуына қатысты. Дегенмен, тұтастай алғанда, жағдайымыз «шіли» жаман емес, балымыз ортадан жоғары. Егер әлгі екі көрсеткішке баса назар аударсақ, келешекте біраз олқылықтың орны толып қалар.

Орайы келгенде, кеуде кере мақтануға тұрарлық тағы бір рейтингіні айта өтейік. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры мәліметтері негізінде америкалық «Global Finance Magazine» журналы түзетін рейтинг бойынша Қазақстан үстіміздегі жылы жер-жаһанның ең бай 50 елінің қатарына қосылды.

Сонымен қатар «Азық-түлік қауіпсіздігі рейтингісі» деген бар. Ол тұтыну тауарларының сапасы мен қолжетімділігі деңгейі негізінде жасалады. Аталмыш рейтингіде Қазақстан 109 елдің ішінде 56-орынға тұрақтапты. Ал энергия тұтыну жөнінен біз әлдеқашан үздік елулікке еніп қойғанбыз. 135 мемлекеттің арасында Шығыс Еуропа мен ТМД елдерін шаң қаптырып, 43-орынға орналасқанбыз.

Одан да жоғарырақ...

Әдетте халықаралық сарапшыларды барлық салалар бойынша елдің өсу қарқыны қызықтырады. «Іздегенге – сұраған», бұл тұрғыда Қазақстанның ауыз толтырып айтатын жетістіктері жеткілікті. Мәселен, екі жылдың ішінде біз логистиканың тиімділігі индексі жөнінен Ресей мен ТМД-дағы өзге де елдерден оқ бойы озып, 77-орынды иеленіп, 11 позицияға ілгерілеппіз. Айтпақшы, осынау зерттеу барысында инфрақұрылымның сапасы бойынша мемлекетіміз 2014 жылдан бастап бірден 41-орынға жоғарылаған, ал халықаралық тасымалдаулардың ыңғайлылығы жөнінен 18-орынды еншіледік.

Дүниежүзілік экономикалық форум әзірлеген желілік дайындық индексі бойынша да едәуір алға жылжу байқалады. Мұнда 39-орынмен аймақтық рейтингінің көшін бастап тұрмыз. Ал «Еңбекпен түзеу колониясы саласындағы заңнаманың дамуы» көрсеткіштері жөнінен Қазақстан бір жылда-ақ 10 позицияға өсіп, әзірдің өзінде 38-орыннан төбе көрсетуде. Мектептердегі ғаламтордың қолжетімділігі бойынша біздің ел бір жылдың ішінде 15 сатыға көтерілсе (41-орын), «бизнес ашуды талап ететін уақыт», «бизнесті бастауға арналған процедуралар саны» дейтін көрсеткіштер жөнінен сәйкесінше 26-шы һәм 22-ші орындарға тұрақтап, әлемде алғашқы отыздыққа кіріпті.

Қазақстан, мейлі сәл-пәл болсын, «Doing Business» рейтингінде де (бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай туғызу) алға қадам басыпты. Мұнда 41-ден 35-орынға секіріппіз. Бұл, әрине, шетелдік кредиторлар үшін мейлінше тартымды көрсеткіш. Айтпақшы, аталмыш рейтингіні түзетін Дүниежүзілік банк соңғы 12 жылда осымен төртінші мәрте біздің елді үздік реформатор ретінде мойындап отыр. Мұнда біз көптеген көрсеткіштер бойынша алда келеміз. Айталық, «Миноритарлық инвесторларды қорғау» критериі жөнінен 3-орынды иемденсек, «Келісімшарттардың орындалуы» индикаторы бойынша ондықтан табылдық.

Ал әлеуметтік-саяси мәселелер туралы сөз қозғалғанда, жалпақ жұрт Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасына (БҰҰДБ) қатысты зерттеулерге сүйенеді. Мәселен, Қазақстан білім беру деңгейі жағынан – 37-орында және одан әрі өрлей беруге «шансы» да жеткілікті. Аталмыш бағдарлама аясында жүргізілген зерттеулер гендерлік теңдік жөнінен біраз жылдан бері біздің 59-орынды еншілеп тұрғанымызды көрсетіп отыр. Жоғарылап те кетпейміз, төмен де сырғымаймыз.

Біз қайырымдымыз

Адамзаттың адамгершілігін өлшейтін зерттеулер де бар. Кейде оған да көз қырыңызды салып қойғанның зияны жоқ. Мысалы, қайырымдылық рейтингі жөнінен бірталай посткеңестік және кейбір еуропалық елдерді басып озған Қазақстан – 66-орында. Шамамен әрбір үшінші қазақстандық өзінің туған-туыстарымен қолында барын бөліседі екен. Тіпті көмекке мұқтаж көлденең көк аттыға да қарасуға дайын тұратындығымыз жөнінен ең рақымды 20 мемлекеттің қатарынан саналамыз. Салыстыру үшін айта өтейік, бұл көрсеткіш бойынша Ресей – 123-ші, Қытай 133-ші орыннан көрінсе, ең сараң халық Грекияныкі екен, тізімді қорытындылап тұр.

Өлермен әлеуметтанушылар тіпті «бақыт» деген ұғымның өзін санға сыйғызуға тырысыпты. Бұл тірлікпен бір-бірінен тәуелсіз халықаралық екі ұйым айналысады екен. «New Economic» қорының рейтингі бойынша Қазақстан Литва мен Латвияның қақ ортасындағы 119-орынға қоныстанса, «Жер институты» бізді Жапонияның жанындағы 54-қатарға қойыпты. Сірә, бұл қазақстандықтардың өздерін әлемдегі ең бейбітсүйгіш халық санайтындығынан шығар.

Әйткенмен Халықаралық экономика және бейбітшілік институты зерттеулерінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан 75-орынды иеленіп, тізімнің ортасында жүр. Біздіңше, бұл ретте Астананың бітімгершілік бастамалары үлкен рөл ойнамаған секілді (негізі бұл факторды ескеру керек еді). Білуімізше, рейтинг түзушілер «зектердің», қару-жарақтардың, арнайы қызмет қызметкерлерінің жан басына шаққандағы санына көбірек мән беретін көрінеді.

Осыдан соң «Не көп, рейтинг көп. Азаматтық белсенділікті анықтайтын да рейтинг керек екен-ей!» деген ой келді. Әй, бірақ біз ондай рейтингінде көштің соңында қалып қоятын шығармыз. Тіпті оған зерттеу жүргізудің де қажеті шамалы-ау. Бәлкім, азаматтық белсенділігіміз жоғары болса, өзге көрсеткіштеріміз де жақсарар ма еді?..

Иә, Қазақстанның сан алуан рейтингілерде айдарынан жел есіп көрінуі ең әуелі мемлекеттік органдарға байланысты екенін дәлелдеп жату артық. Әйткенмен «Ең басты қозғаушы күш азаматтық қоғам, яғни сіз бен біз болуымыз тиіс» деген пікірімізбен келісерсіз. Өйтпеген жағдайда жоғарыда азды-көпті тізбелеген барлық индекстер жай әншейін жансыз цифрдан әріге ұзамайды. Әйтпесе Қазақстанның әлеуеті шынында да орасан ғой. Тек біздің басты байлығымыз жердің астында емес, бетінде және ол – халық екенін ұмытпайықшы!

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter