«Халал» деп жүргеніңіз арам болып шықпасын
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

«Халал» деп жүргеніңіз арам болып шықпасын

«Халал» деп жүргеніңіз арам болып шықпасын
  • Жан КЕНЖЕ

«Халал» – діни термин. Араб тілінен аударғанда «рұқсат етілген», «адал», «таза» деген мағынаны білдіреді. Мұсылман баласына тән xалал тағамдар қасиетті Құран кәрімде анық айтылып, шариғатымызбен бекітілген. Алланың атымен сойылған мал, арақ (спирт) және доңыз еті қосылмаған басқа да тағамдар xалал болып есептеледі. Алайда, халал стандартын өз өнімін өткізу үшін пайдаланатын өндірушілер аз емес. Қазір көп салада кәсіпкерлер не шығарса да, дүкен ашса да, «халал» деген сипаттаманы жапсырып алмаса, көңілі көншімейтін болды. Халал мейрамхана, халал сауна, халал монша, халал ас, тіпті Алматыда халал сырахана да бар. Мына қарқынға қарағанда, жақында адамдар да халал, харам болып бөліне бастайтын шығар. Осылардың бәріне халал деген сертификатты кім таратып жатыр? Халал неге ойыншыққа айналды? Аңқау қазаққа харам асты халал деп алдап сатып отырғандарды жауапқа тарту мүмкін бе?

Шариғат шеңберінде тыйым салынған, адам денсаулығына зиян келтіретін, қоғамға да үлкен зардабын тигізетін лас заттар мен әрекеттер xарам болып есептеледі. Дініміз тыйым салғандықтан кейбір жануарлардың еттерін жеуге болмайды. Иісі мұсылман баласы діннің тыйым салған нәрселерін жасамауға тиісті. Алла тағала «Мәида» сүресінің 3-аятында «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан бауыздалған мал арам етілді. Буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш (аң, құс) жеген мал арам. Бірақ, (жаны шықпай) бауыздалғандары басқа», - деп үкім ете отырып, жейтін етіміздің қайсысы xалал, қайсысы xарам екенін атап көрсетеді. Дегенмен, халал ол тамақтың тек қана өлексе немесе шошқа етінен жасалмай, «бісміллә» деп сойылған адал еттен ғана жасалуы, алкогольсіз ішімдік қана емес. Ол – денсаулыққа пайдалы, таза, зиянды қоспалар мен консерванттары жоқ адал ас. Алайда, көптеген ас-ауқаттың құрамында қаншама зиянды қоспа болса-дағы, оның сыртқы қорабында батпандай болып «халал» деген таңба тұрады. Соны беретін мамандар неге оған қарамайды? Мысалы, тез дайындалатын кеспенің денсаулыққа зиян екенін дәрігерлер әлдеқашан дәлелдеген. Алайда, Қазақстанда шығатын «Роллтон» мен «Қазан кеспе» лапшаларының сапасы халал стандартынан өткен. Қалайша? Құранда адам өз денсаулығына кесірін тигізетін астан аулақ болуы тиіс делінбейтін бе еді. Сондай-ақ, шұжықтың да құрамында шошқа етінен бөлек ондаған зарарлы консервант түрлері бар. Олардың да зардабы дәлелденген. Бірақ, олар да халал. Сонда тұтынушы кімге сенуге тиіс? Халал деген жасыл таңба сенімнің белгісі емес пе?

Денсаулыққа зиянды тағамдардың да «халал» деген таңбасы бар

Екі жыл бұрын Дін істері агенттігі жүргізген талдау-зертханалық тексеру кезінде өтімді халал шұжықтардың құрамында шошқаның еті бары анықталды. Сонда бірнеше шұжық өндіруші ғана нағыз адал өнімдер өндіріп жатқаны белгілі болды.

«Біз арнайы тапсырыс бойынша еліміздің нарығында шұжық өндіретін барлық өндірушілердің өнімдерін заманауи құрал бойынша тексердік. Бұл құрал шұжық жасайтын шикізаттың немесе мал етінің құрамында қандай элементтер қосылғанын айқындайды. Тіпті ДНК деңгейінде терең зерттеу арқылы өте аз мөлшерде нендей заттар қосылғанын тауып береді. Етке зерттеу жасай отырып, малдың адал не харам, қалай өлгенін біле аламыз. Кез келген малда қорқыныш кезінде бөлінетін гормондар бар. Малды токпен не балтамен өлтірсе, өзі арам өлсе, осы гормон бүкіл денеге жайылады. Адам ағзасына ең қауіп тудыратыны да – осы. Ал Алланың атымен сойылған малда мұндай қауіп болмайды. Еліміздегі шұжық өндіруші компаниялардың 150-ден астам шұжық және шұжық өнімдеріне зерттеу жасадық. Нәтижесінде біреуінің ғана өнімі халал стандартына сай болып шықты. Қалған өнімдерден қандай да бір шариғат талаптарына сай келмейтін тұстары табылды. Демек, бүкіл нарықта жалғыз ғана компания таза өнім шығарып отыр деген сөз» дейді х.ғ.д. Диас Мырзақожа.

Сарапшылардың айтуынша, кез келген шұжықта ары кетсе 20-25% ғана ет болады. Ал қалған 80%-ы басқа ингредиенттер арқылы толтырылады. Еті қанша жерден халал болып шыққанымен, басқа қоспалар таза болмауы мүмкін. Себебі тексеруші құрал шұжық құрамындағы басқа толықтырушы заттардан да шошқаның ДНК-сын тапқан. Сондықтан кәсіпкерлер сойылған малдың етіне ғана емес, өзге ингредиенттердің де адал болуына мән беруі тиіс.

Пайдакүнем кәсіпкерлер «халал» брендінің құнын түсірді

Тек өз саудасын жүргізуді көздеген жерде тірлік адал болмайды. «Халал» термині заңмен қорғалмағандықтан, оның сертификатын жеке құрылымдық бірлестіктер, ұйымдар беріп жүр. Соның бірі – «Қазақстанның халал индустриясы» Қауымдастығы. Бұл мекеме ҚР Үкіметінің қолдауымен жұмыс істеп тұр. Десе де, «дін бөлек, мемлекет бөлек» деген қағида бойынша бұл ұйым аталмыш стандартты бергенімен, оны дұрыс пайдаланбаған немесе халықты алдаған кәсіпкерлерге ешқандай жаза қолдана алмайды. Қолы байлаулы.

«Кейбір компаниялар сертификат бергенімен, оны мұқият тексеріп жатқан жоқ. Таңба туралы заң орындалмайынша, халал мәселесін біржақты шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан да ең бірінші кезекте таңба туралы заң болуы керек» дейді қауымдастық төрағасы Марат Сәрсенбаев.

Қазақстан діни басқармасы халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиевтің айтуынша, кей кәсіпорындар «халал» деген белгіні өздері жапсырып алған. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы айтқандай, «xалал» сөзі діни термин және Құранның аяты болғандықтан, бұл іспен ҚМДБ айналысуы тиіс. Сол үшін басқарма жанынан халал стандарттау деген бөлім ашылып, «Халал даму» деген ЖШС құрылды. Бұл ұйымның ел бойынша 50-ге жуық өкілдігі жұмыс істейді. ҚМДБ мақсаты – адал деп шығарылып жатқан азық-түліктердің шариғат талаптарына сай немесе сай емес екендігін қадағалау, халал индустрияны дамыту. Небәрі екі жылдың ішінде бұл бөлім 65 сертификат берген. Алайда, олар да қадағалап, жазасын беретін мемлекеттік орган емес. «Біз кәсіпкерлерге «Егер сіз харам өніміңізді тұтынушыға халал деп ұсынып жатсаңыз, Алланың алдында өзіңіз жауап бересіз» деп насихат жасаймыз. Негізі, халал стандарт бойынша сертификат аламыз деген кәсіпкерлер «Тексеруге рұқсат береміз» деп жазып береді. Соның арқасында ай сайын өнімдерді тексеріп отырамыз» дейді Б.Мырзагелдиев.

Халал брендімен өнім шығарғысы келген компания ең алдымен шариғат нормалары мен әдептерімен терең таныс болуы керек және мемлекеттік стандартқа сай жұмыс істеуі қажет. Компания басшылары мұсылмандық қағидаларынан, халал өнімді дайындау мен тұтыну жолдарынан, мұсылмандардың өмір салтынан хабардар болуы тиіс. Әйтпесе, ол адал өнім емес, керісінше халықтың сенімін өрескел бұзу.

«Халал» стандартымен айналысатын маман жоқ

Халал стандарты іс жүзінде бар болғанымен, онымен айналысатын мамандар жоқтың қасы. Оны анықтайтын мамандарды ешбір университет оқытып жатқан жоқ. Сондықтан, шетелден оқып келген бірнеше адам мәселені түбегейлі шеше алмайды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы техникалық реттеу департаментінің директоры Нұртас Өтешовтың айтуынша, стандартсыз не істеп, не қою керек екенін білу мүмкін емес.

«Егер стандартты бір жолға қойсақ, халал индустрия жұмыс жасай бастайды. Біз осы мәселеге байланысты жасаған жоспарымызда техникалық парктер ашу керек екені айтылды. Соның ішінде халал өнімдеріне баса назар аударылуы керек-ті. Өкінішке қарай, бізде бұл жоқ. Қазіргі таңда халал мәселесі бойынша мемлекеттік мекемеде бірде-бір эксперт-аудитор жоқ. Себебі эксперт-аудиторлар мемлекеттік емес ұйымдарда жұмыс жасап жатыр. Халал индустрия болғандықтан, эксперттер тек қана шариғат жағынан ғана емес, сонымен қатар технология мен техника жағын да білу керек. Бір қызығы, ондай мамандықты жоғары оқу орындары дайындап жатқан жоқ. Сондықтан да үкімет халал мәселесіне қатысты арнайы заң қабылдауы керек» дейді маман.

P.S. Бұл мәселе әрқайсымыздың денсаулығымызға қатысты болған соң, тұтынатын ас-ауқатымыздың сапасына өзіміз мән бергеніміз жөн. Әзірге арнайы заң жоқ, алаяқ өндірушілер көп болған соң тағамның құрамын мұқият оқып, сипатына назар аудармаса болмайды. Өйткені, «халал» деген белгі оның денсаулыққа зиянсыз, адал ас екенін білдірмейді. Аталған сертификатты оңды-солды таратып жүрген ұйымдардың арқасында біз шын мәнінде ненің адал, ненің харам екенін білуден қалдық. Жоғарыда айтқанымыздай, ол белгіні ешкімнің рұсатынсыз, өздері жапсырып алатындар да бар. Тұтынушы неғұрлым ояу, сауатты болса, өндірушілер де соғұрлым ісіне жауапты болмақ. Сонымен қатар «халал» белгісіне қатысты заңды нормативтік акт, құқықтық негіздер қалыптасуы керек.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter