Үштілділік ұшпаққа шығармайды
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Үштілділік ұшпаққа шығармайды

Үштілділік ұшпаққа шығармайды
  • Айдын СӘТЖАН

Санаулы күндерден кейін Қазақ елі тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланбақ. Әрине, ширек ғасырда Қазақстан көптеген жетістіктерге жеткені жасырын емес. Дегенмен олқы түсіп жатқан тұстарымыз да бар. Соның ішінде тіл тағдыры ұлттық намысы бар кез келген адамды толғандырады десек, өтірік емес. Мемлекеттік тілге деген немкеттілеу көзқарас бүгінгі қоғамда жиі болмаса да, оқта-текте көрініс беріп қалады. Көшедегі қате жазулар мен қоғамдық орындардағы өз қандастарымыздың бөтен тілде шүлдірлесуі бүгінгі қоғамда қазақ тіліне деген құрметтің қай дәрежеде екенін білдірсе керек.

Рас, тұрып жатқан елінің тілін біліп, дәстүрін құрметтейтіндер ең алдымен өзін және өз ортасын құрметтеген болып саналады. Өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақшаға ағып тұрғандары да аз емес. Есесіне, өз қандастарымыздың арасында қазақшадан мақұрым қалғандары да бар. Адам баласы үшін өзінің ана тілінде сөйлей алмаудан асқан қорлық жоқ шығар. Ең өкініштісі, осындай шала қазақтар өздерінің мәңгүрттенгенімен қоймай, қоғамның да қойыртпағын шығарып жатыр. Және онысына қымсынбағаны сонша, Қазақстанда тұрып, қазақ тілділерге мұрын шүйіре қарайды. Қолында билігі бар «мәңгүрттердің» кейде асыра сілтейтіні сонша, өз дегендерін істету үшін, Ата Заңды да аяқасты етеді. Қоғамның қарсылығын құлағына ілмей, ақырында ел ішіне жік салып жатады. Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмегені үшін жұмыстан қуылған мейірбикенің басынан өткен жағдай кезінде әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, біраз адамның намысын жаныған еді. Иә, о заман да, бұ заман, өз мемлекетіңнің тілін біліп, шет елдің – Ресейдің тілін білмегені үшін жап-жақсы істеп жүрген жұмысыңнан айыратын елді көрдіңіз бе? Әрине, әлемде Қазақстаннан басқа ешбір елде кездеспейтін масқара жағдай! Сүтпен бітіп, сүйекпен кететін сүйексіңді құлдық!

Қазақ тілі десе, қоярға жаны бөлек ұлтжанды азамат, әріптесіміз Қазыбек Иса өз пікірін осылай білдіреді. Алматыдағы №5 Жедел жәрдем стансасында фельдшер болып жұмыс істейтін Бақытгүл Жаңабайқызы ҚР Денсаулық сақтау министрiнің блогына арыздануға мәжбүр болған. Оны аттестация кезінде орыс тілін білмегені үшін… жұмыстан шығарған. «Аттестациялау бойынша №41, №325, тағы басқа бұйрықтар және жұмыс нұсқаулары мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде болды. Өзім оралман болғандықтан, маған орыс тілінде жауап беру қиынға түсті. Сондықтан, аттестацияда толық жауап бере алмағандықтан, мені жұмыстан шығаруды бұйырды. Сөйтіп, орысша білмегендіктен, жұмыстан шығарды. Ал мен орыс тілін үйренуге тырысып жатырмын. Мен бас дәрігердің орынбасары Айгерім Базарбайқызынан аттестациялық сауалдардың қазақ тіліндегі нұсқасын сұрағанымда, «өзің аударып ал!» деді. Мен сол аттестацияға екі рет кірдім, білгенімше жауап бердім. Бірақ өткізбеді. Ал кейбіреулері жауап бермесе де, өтті. Мен өз жұмысымды жауапкершілікпен істеймін. Жұмысыма қатысты шағымдар болмаған. Осы өтінішімді қарастыруыңызды және бір шара қолдануыңызды сұранамын. Осы жұмыс арқылы отбасымды асырап отырмын»,– деп, зарын айтады Бақытгүл қандасымыз.

Әрине, бұл – осыдан біраз жыл бұрын орын алған жағдай. Ұлтжанды азаматтардың араша түсуімен медбике өз қызметіне қайта орналасты делік. Сонымен іс біте ме? Неге осындай заңсыздыққа жол бергендер жауапқа тартылмайды? Әлде басынан бақайшағына дейін мәңгүрттенген шала қазақтардың қателігіне түсіністікпен қарап жүре береміз бе? Ертең тағы бір шала қазақтың шала бүлініп, өз тілінде сөйлеп жүрген адамға тізе батырмасына кім кепіл?

Жаны, жүрегі қазақ деп соққандардың бүгінгі қоғамда өгейдің күйін кешіп жүргені бір бұл емес екен. Тағы да өткен күндерімізге көз жүгіртіп көрейік. «Тарихи Отанына келген жүздеген оралман Қазақстанда қиын жағдайға тап болғандарына шағым айтады, - деп жазады «Азаттық» осыдан алты жыл бұрын. – Өйткені жұмысқа тұру үшін міндетті түрде орыс тілін білуің керек екен. «Мен құрылыста жұмыс істедім. Алайда, орыс тілін білмегенім үшін жұмыстан шығып қалдым, – дейді Моңғолиядан келген оралман бауырымыз. – Бір күні мені бастығым «болгарка» алып келуге жұмсады. Тіліне түсінбедім, қайта сұраған едім, жекіп тастады. Кейіннен білсем, онысы темір кесетін ара екен. Осы күннен бастап мен бастығыма жақпадым. Көп ұзамай өз еркіммен жұмыстан кетуге мәжбүр болдым. Денім сау болса, екі қолға бір жұмыс табылар, тек өз елімде жүріп ана тілімде сөйлегенім үшін жазықты болғаным жаныма батады».

Жасыратыны жоқ, елім-жерім дегенде қоярға жаны бөлек қандастарымызға кейбір жергілікті тұрғындар да жылы қабақ таныта қоймайды. Бәрі де бір қазақтың баласы болғанымен, олардың арасына жік салған – тіл. Отырықшы ел оралмандарды «отсталый» деп менсінбесе, тарихи мекеніне көшіп келгендер оларды қазақ бола тұра орысша сөйлегені үшін жақтырмайды. Осылайша Алматы іргесіндегі Ащыбұлақ ауылындағы азғантай қазақ өзара түсінісуі қиын болып тұр.

Бұл аз десеңіз, ұлтымыздың ұйытқысы саналатын оңтүстікте де орысша сөйлемегені үшін қорлық көріп жүргендер бар. Бір мұғалім орыс тілінде сөйлемегені үшін жазықты болғанын осыдан бірер ай бұрын жаздық. Яғни, шымкенттік мұғалім сайлау күні көзі жасқа толып, намысы тапталғанын айтты. Айтуынша, оған орыс тілін білмеуі себеп болыпты. Ғаламторда тұрғынның көзіне жас алып тұрып берген сұхбаты пайда болды. «Шымкент қаласында 2016 жылы 20 наурыз сайлау кезінде болған оқиға. Орыс тілін шалажансар білгені үшін қазақ мектебінің ұстазы орыс ұлтының өкілінен балағат сөздер естіген» деген жазбамен жария етілген видеода әйел азаматы өз әңгімесін сайлау барысында келеңсіз жайтқа тап болғанынан бастаған.

«Дауыс беруге келіп жатқанда, келеңсіз оқиғаға тап болдым. Анығын айтқанда, орыс ұлтының азаматы біздің мұғалімдерге «сендер орысша білмейсіңдер, орысша сөйлей алмайсыңдар. Жұмыстарыңды босатыңдар. Неге отырсыңдар, Назарбаев сендерге не айтты?» деген сияқты өктем-өктем сөздер айтып, біздің намысымызды жерге кіргізердей болды... «Сен кімсің, сені жұмыстан шығару керек. Сен орысша сөйлей алмайсың да, білмейсің де» деген сияқты әңгімелер айтты. Сайлауға келіп, осындай намысым тапталғанынан мен қорланып бара жатырмын... Бұл қалай енді? Мен оған ешқандай артық сөз айтпасам, білгенімізше айтып жатырмыз. Енді біз қазақ мектебінде қазақ ұлтын тәрбиелеп отырып, мен не үшін анаған да, мынаған да орысша сөйлеуім керек?» дейді ашынған мұғалім.

Тілге қатысты «тартыс» жұмыр жерді қойып, әуе кеңестігінде де жиі орын алып тұрады. Стюардессамен өзара тіл табыса алмағандар жайлы әлеуметтік желілерде жиі айтылып жатады. Сондай кикілжіңдердің бірі «СКАТ» әуе компаниясына қарайтын ұшақтардың бірінде орын алған болатын. Бұл жолы «Атырау-Астана» рейсімен келе жатқан жолаушылардың бірі орындықтың артындағы қазақ тіліндегі жазуда қате кеткенін бортсерікке ескертіпті. «Ұшу кезінде белдігіңізді «тар...ып» алыңыз деген жазуды көрген жолаушы анау-мынау емес, үлкен компания осылайша қазақ тіліне қырын қарағанына шамданып, ашу шақырады. Егер бортсерік бұл қателікті мойындап, түзетіп қоятынын айтқанда, ештеңе болмас еді, қырсыққанда, ол да қазақша түсінбейтін болып шығады. Қазақ қызының өз ана тіліне немкеттілеу қарағаны қаны қызу қазаққа жақпай қалады. Міне, бұл жерден де қазақ тіліне қатысты екі түрлі көзқарастағы адамдардың әрекетін көруге болады. Әрине, өз тілінің қорланғанына ашуланған жолаушыны да жазғыра алмайсың. Өйткені, Конституцияда көрсетілгендей, көпшілікке қызмет көрсететін ортада жұмыс істейтін маман мемлекеттік тілді білуге міндетті.

Жалпы, үш тұғырлы тіл төңірегінде ұлт жанашырларының жанайқайы аз емес. Ақсұңқар Ақынбаба есімді тіл жанашыры өзінің бір сөзінде бұл туралы жетелі жанға жететіндей етіп жеткізіпті. «Кейде осы Қазақстанда, әсіресе, тіл мәселесіне келгенде, қазақ деген ұлттың рухы көтеріліп, намысы тіріліп кетпеудің барлық амалы жасалып жатқан секілді көрініп кетеді, – дейді ол өз жазбасында. – Жалпы, өзге елдің тілі тілдік қолданысыңа енді деген сөз — сол елдің еліңе қарай қаптап келе жатқаны деген сөз. Және жай келе жатпағаны, өз үстемдігін орнату үшін келе жатқаны деп ұғыңыз. Орыс тілін үйрендің, сары шегір қаптап басып алды, халықаралық ағылшын тілін үйрендің, халықаралық тілде сөйлейтін шетелдіктер үсті-үстіне енуде, енді қытай тілін үйренесің, себебі қара қытай қаптап келе жатыр… Бірақ, бізге келіп орнығатындардың тілін неге біз үйреніп, олар өзі келіп тұратын елдің тіліне мұрындарын шүйіруге тиісті деген сұрақ туады. Біз олардың еліне барып, тұрайық деп жатқан жоқпыз ғой. Олар келеді екен, неге жергілікті халықтың тілін үйренуге ұмтылмайды?».

Иә, алпауыттардың Қазақстанға келуге, келгендердің тұрақтап қалуға, тұрақтап қалғандардың мүлдем кетпеуге деген құлшынысының соншалықты зор болуының өзі Қазақ елінің солардың алдына өзінің мемлекеттік, ұлттық мүддесін алып шығуға және орындатуға беріліп отырған үлкен мүмкіндік емес пе? Келдің бе, менің тілімді үйрен, менің мүддеме қисық келме, сонда біргеміз де! Ақыры, қазақтың теңдессіз жер байлығы, тағы басқалары оларға қажет пе, қажет, демек, олар біздің ұлттық мүдделерімізге, шарттарымызға келісуге тиісті. Ал біз ше? Жоқ, біз өйтпейміз! Кім келсе де, біздің тілімізді олар емес, біз олардың тілін үйреніп, қарсы аламыз. Бәрінен де қорқыныштысы, осылайша қалыптасып жатқан жас ұрпақтың тарихи санасы, елдік рухы ертең қалай қалыптаспақ? Есесіне, үстемдік етуге үйренген ұлттардың империялық рухы күшейген үстіне күшейе бермей ме? Бір сөзбен айтқанда, үштілділік біздің ұлтымызды ұшпаққа шығара қоймайды.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.

Пікірлер  

Жауқазын
0 Жауқазын 01.12.2016 14:05
Баламның көп тіл білгенін қалаймын. Ағылшын тілі заман талабы, қазақ тілі - ана тілі. Орыс тілі өзінің қалауында болады.
Жауап беру
Камилла
0 Камилла 01.12.2016 14:29
Олқылықтардың әлі де болып жатқаны жасырын емес. Ондай жағдайлар әр аймақта да кездеседі. Дегенмен, көш жүре келе түзеліп кетер.
Жауап беру
Жәнібек
0 Жәнібек 01.12.2016 14:30
Орыс тілді ендігі ала салса да болады. Шынымды айтсам, кім нені күтіп жүргенін түсіне алмадым. Бірақ, алмай тұрса бір ойлағандары бар шығар деп топшылаймын.
Жауап беру
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter