Халқына пайдасы тимеген бизнес баянды болмайды
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Халқына пайдасы тимеген бизнес баянды болмайды

  • Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Соңғы кездері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғымға мемлекеттік деңгейде көңіл бөліне бастады. Бұл ұғымның мағынасы неде? Біз оны қайырымдылық шарасы деп қабылдаймыз. Ол дұрыс емес. Қайырымдылық немесе филантропия – компанияның әлеуметтік жауапкершілігне кіретін бір бөлігі ғана. Ал, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дегеніміз – қандай да бір компания өз бизнесін жүргізгенде, ең алдымен, қоғамның мүддесімен санасуы керектігін және қызмет көрсетіп отырған тұтынушылары мен компания қызметкерлері, мердігерлері мен акционерлері, сонымен қатар өзге де азаматтар алдындaғы жауапкершілікті сезіне білуі тиіс деген сөз.

2014 жылы Қазақстанда биз-нестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты тұжырымдама қабылданған. Ол бизнесмендердің пікірлерін ескере отырып жасалды. Оған сәйкес, қазақстандық компаниялардың ха-лықты жұмыспен қамтамасыз етіп, барлық салықты төлеп отырғанын әлеуметтік жауапкершілік деп санауға болмайды. Мәселе компанияның заңды мүлтіксіз орындауымен ғана шектелмейді. Олар өз еріктерімен белсенді түрде қоғамның қызығу-шылығын арттыруы тиіс. Бәлкім, одан табыс шамалы азаюы мүмкін. Оның есесіне кейін компания түрлі әлеуметтік құбылыстарға төтеп бере алатындай күш жинайды.

Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, банкротқа ұшырап, бизнес жоспарларын іске асыра алмаған компаниялардың көбі кезінде қоғам мүддесінен өз пайдасын жоғары қойғандар екен. Жалпы, керісінше болғаны жөн. Осы жағынан алғанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ислам дініндегі садақа түсінігіне жақын. Абу Хурайра (р.а) Алла елшісінің (с.а.с) былай деп айтқанын жеткізген: «Садақа еш уақытта байлықты азайтпайды, өзгелерді кешірушіге Алла Тағала даңқтан басқа еш нәрсе қоспайды және ол үшін бой ұсынып (кішірейгенді), Ұлы Алла Тағала әлбетте жоғарылатады». Демек, садақа берген адамның малы кемімейді, керісінше көбейіп, дүние-мүлкіне береке кіреді. Ендеше, компаниялар қарапайым халыққа жақсылық жасау арқылы табысын арттырады, жақсылыққа кенеледі. Қазақтың «Шығын шықпай, кіріс кірмейді» деген нақылын да ұмытпаған жөн.

Бизнестің әлеуметтік жауап-кершілігін дұрыс түсініп, соған сай әрекет қылатын компаниялар баршылық. Мысалы, екі жыл бұрын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуына көмектесті. Яғни, компания өзіне қарасты әлеуметтік нысандарды Оңтүстік Қазақстан облысының коммуналдық меншігіне берді. Олар - Таукент және Қыземшек кенттерінде орналасқан «Таукент-Энергосервис» ЖШС, 40 және 30 орынға шақталған стационармен жарақталған 2 медициналық-санитарлық бөлімі, 160 және 280 орындық 2 балалар бақшасы, 2 мәдени-спорттық орталық, 2 қонақүй, кеңселер мен шаруашылық алаңы. Осы ғимараттарды ұстау үшін «Қазатомөнеркәсіп» 2 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлді. Сонымен бірге компания екі жылдан бері құны 1,6 млрд. теңге болатын әлеуметтік нысандардың салынуын қаржыландырып отыр.

Мұндай мысалдар баршылық. Алайда, қоғамның қажеттілігін, халқының мүддесін көзіне де ілмейтін кәсіпкерлер аз емес. Десе де, туған қаласының көшесіне асфальт төсеп, балабақша-мектептеріне жиһаз әперіп, ауласына ойын және спорт алаңдарын салып берген бай-бағландардың содан табысы кеміп, жағдайы нашарлап кетті дегенді естімеппіз. Ал енді қоғам мүддесімен санаспайтын, абырой-беделі жоғары компанияны көріп пе едіңіз? Жоқ. Өйткені, елге жақсылығы тимеген, сараңдықты ұстаным еткен кәсіп алысқа бармайды. «Бөлісе білгеннің дүниесіне береке кіреді» деген рас сөз болса керек.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter