Кедендік одақ қарапайым қазаққа кесірін тигізді
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Кедендік одақ қарапайым қазаққа кесірін тигізді

  • Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Қазақстан, Ресей мен Белорусия арасындағы кедендік кедергілердің жойылғанына 6 жыл, Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы екі жылдан асыпты. Халқының саны 170 млн. адамды құрайтын Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттеріне ортақ экономикалық нарық түзіп, сол арқылы капитал, тауар, жұмыс күші мен қызмет көрсету салалары бойынша еркін байланысқа түсеміз деп құрылған бұл одақ бізге не берді?

О баста бірыңғай кедендік тарифтерді енгізу, баж салығы мен экономикалық шектеулерді алып тастау арқылы Ресей, Белоруссия және Қазақстанның ішкі жалпы өнімін 2015 жылға қарай 15 пайызға жуық арттыруға болады деп болжанған. Мамандар тіпті «Ресей 400 миллиард доллар, Белоруссия мен Қазақстан 16 миллиард доллар көлемінде пайда көреді» деп, ықтимал пайданы да есептеп қойған. 2010 жылдың аяғындағы осы елдердің әрқайсысының халық санын ескере отырып, ресейлік әр тұрғынға шаққанда 2787,2 доллар, әр беларусьқа — 1687,5 доллар, әр қазақстандыққа 973,1 доллар көлемінде пайда түседі деген болжам жасап тастады. Расында да, Кеден одағы құрылған 2010 жылдан бері осы одаққа мүше елдердің тауар айналымы 88.3 пайызға өскендігі байқалады. Кеден одағы аумағындағы ішкі кедендік бақылауларды алып тастаудың арқасында өзара сауда жылына 36 пайызға артып, 62,3 миллиард долларға жеткен.

Алайда, көптеген сарапшылар мұнда негізінен Ресейдің мүддесі басым деген пікірде. Саясаттанушы Берік Әбдіғали: «Алпауыт Ресей одақты өз мүддесі тұрғысынан ұйымдастыруға тырысады. Сондықтан, Қазақстан осы ойында ұтылып қалмаса болғаны» деп алаңдаушылық білдірді. Тек Қазақстан емес, Белорусия тарапынан да бұл одақ тиімсіз деп қарсылық білдірушілер бар. Олай деуге негіз жоқ емес, өйткені Кедендік одақтың заңнамалық негізі кем дегенде 90% Ресейдің кеден туралы заңына негізделген, сондықтан бұл ұйым шикізатқа құрылған экономикалы Қазақстанның ірі шикізат өндіруші компанияларына ғана пайдалы. Ал қалың қазақ үшін Қытайдан келетін арзан тұрмыстық заттар қол жетімсіз болып, қымбаттап кеткені, осылайша өмір сүру деңгейі 10-20%-ға нашарлағаны белгілі. Онсыз да біз оған куә болып отырмыз. Bloomberg жасаған рейтинг бойынша биыл «ең бақытсыз» 10 елдің қатарына кірдік. Соңғы бірнеше жылдың көлемінде Қазақстанға кеден одағына мүше емес елдерден келетін азық-түлік пен тауарлардың бағасы күрт көтеріліп кетті. Оның ішінде жанар-жағармайдың, жеңіл көліктің, тұрмыстық техника, ет құнының және өзге де күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар бағасының шарықтауы халықтың қалтасын қақты деуге болады. Баға өсіп, жұмыссыздық көбейді. Батыс Ресейге санкция салған сайын оның зардабын Қазақстан тартып отырды. Сонымен әзірше Кедендік одақтың қазақстандықтардың өмірі мен тыныс-тіршілігіне әкелген жақсылығы айқын сезілмей тұр.

Осы тұрғыдан алғанда, бірқатар сарапшылар Қазақстанның кедендік одаққа қосылуы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына әкелді дегенді айтады. Олар аталмыш одақтың келешегіне қатысты күмәнге толы пікірлерді сол кезде де айтқан болатын. Құлағына ілген жан бар ма?! Мәселен, философия ғылымдарының кандидаты, Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Жанат Момынқұлов сол кезде-ақ бұл одақ ұзақ өмір сүрмейтінін айтып, зар илеген еді. «Қоғам тарапынан кең талқыланбаған, пісіп-жетілмеген, ұзақ мерзімді қауіп-қатерлері есепке алынбаған, сондай-ақ, зиян мен шығындары есептелмеген мұндай жоба көп сұрақтар туғызады. Негізі, Ресей жағы интеграциялық үрдістерді қатты асықтырды. Ресей үшін өз экономикасын күшейтудің бірден-бір тәсілі «пост-кеңестік интеграция» арқылы өз нарығын кеңейту. Меніңше, кедендік одақ аясында құрылған Еуразия одағында әзірше экономикадан гөрі саясат басымдау. Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі «Ресейден технология үйрену» үшін бе, әлде, «Ресейдің өнімдерімен бәсекелесу» үшін қажет пе? Бұл Қазақстан үшін тым күрделі инновациялық міндет. Қазақстан ғылыми-технологиялық, инновациялық даму жөнінен Ресейді былай қойғанда Беларусьтен әлдеқайда артта қалған. Мұндай жағдайда, бұл елдерді өндірісте басып озамыз, бәсекелесе аламыз деген әңгіме өз мәнін жоғалтады. Демек, бұл жағынан Қазақстан одақтан ұтылуда. Менің жеке есебімше, бұл интеграциялық одақ ең көп дегенде 10-20 жыл өмір сүреді. Нашар ұйымдастырылған, артта қалған бірнеше экономикалардың бірігуінен әлемдік бәсекеге шыдас беретін инновациялар күту әбестіктің нағыз өзі. Одақтың уақытша екені анық» деген болатын ғалым.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter