Зауыт жабылды, кәсіпкер істі болды, ақша желге ұшты. Бұдан кім, не ұтты?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Зауыт жабылды, кәсіпкер істі болды, ақша желге ұшты. Бұдан кім, не ұтты?

Зауыт жабылды, кәсіпкер істі болды, ақша желге ұшты. Бұдан кім, не ұтты?
  • Айдын СӘТЖАН

Оқырманның есінде болса, өткен аптада жаңадан ашылып, бірақ бір жылға жетпей қайта жабылып қалған зауыт жайлы мақала жазғанбыз. «Шардараның қанты таңдайға тимей тұр» деген тақырыппен жарық көрген мақалада осыдан бес жыл бұрын алаулатып-жалаулатып жүріп ашқан қант зауытының қақпасын бүгінде қара құлып күзетіп тұрғанын, осылайша қаңтарылып тұра берсе миллиондаған қаржыға келген мүлік тозып кететініне алаңдаған едік. Сөйтсек, әңгіме әріде жатыр екен. Яғни, бір кездері уақытша деп жабылған зауыттың қайта ашылуын күтіп, иегі қышып жүргендер енді Шардараның қантынан үмітін үзе берсе болады.

Шардара аудандық кәсіп-керлік бөлімінің басшысы Ө.Рүстемнің жолдаған хатына сенсек, қызылдың табан күйдіретін құмында қызылша өсіріп, жергілікті халықты қантқа қарқ қыламын деген кәсіпкердің «планы» жүзеге аспай қалыпты. Бүгінде бар мүлкінен айырылып, қарызға белшесінен батқан «Рахман ТБ» серіктестігінің ісі сотта қаралып жатыр екен. Әрине, миллиондаған қарыз қоя ма, дер кезінде қайтарылмаса – оның соңы жақсы болмайтынын білдей бір кәсіпкерді былай қойғанда енді тілі шыққан бала да біледі. Білмеген күнде, өзін-өзі ақтамайтын жобаны одан әрі қаржыландырып, мемлекеттің миллиондаған қаржысының желге ұшуына жол бермеу – жергілікті әкімдіктегілердің міндеті емес пе? Бұрын-соңды өсірілмеген қант қызылшасын гектарлап егу кімге керек? Бәлкім қант-қызылшасын молынан еккіштерді бұл дақылдың беретін өнімінен гөрі, мемлекет тарапынан берілетін субсидиясы көбірек қызықтырған шығар. Жә, кәсіпкер ақшаны күреп табуды ойлаған күнде де, оған бағыт-бағдар беріп, жөн-жоба көрсететін жергілікті билік өкілдері емес пе?

Зауыт салу – екі гектар жерге жүгері егіп алатындай оңай жұмыс емес. Ол тың жобаны, қыруар қаржыны керек етеді. Және бір-екі күнде біте салатын жұмыс болмаған соң оның қалай салынып жатқаны, ертеңгі күні өзін-өзі қаншалықты ақтайтыны, жоба жүзеге аспай қалған жағдайда оның соңы неге апарып соқтыратыны, егер әкім шын мәнінде елге жаны ашитын болса, осының бәріне ойланады емес пе? Әлде атқамінерлер біреудің қолымен ақша жасап, ақырында кәсіпкерді «крайний» етіп, «лақтырып» кетуді көздеген бе? Олай дейтініміз, қант зауыты іске қосылған жылдары телеарналар мен газеттерге сұхбат беріп, елді өзіміздің қант өнімдерімен қарық қыламыз дегендер бүгінде бар кінәні кәсіпкерге ысырып, өздері судан таза, сүттен ақ болып отыр. Төбесі көкке бір елі жетпей қалған әкімқаралар қайда қазір? Жер жұтып кетпей тірі жүрген болса жауап беруге тиіс.

Аты бар да, заты жоқ зауыт жайлы мақаламыздың соңында: «Ең болмағанда ертеңгі күні осы «өтіріктердің» сұрауы болады-ау, сол кезде елге қай бетіммен қараймын демегені ме? Ақпаратта айтылғандар рас болса, тәулігіне 10 тонна қант қызылшасын өңдейтін зауыттың әлеуеті де жаман болмағаны ғой. Мұндай ірі зауыт қондырғылары да анау-мынау ақшаға келмеген шығар. Ендеше, қыруар ақшаны шығындап салынған жоба неге жұмыс істемей тұр? Жарайды, сол кездегі әкімге арзан пиар керек болған шығар, бірақ ол кетерінде өзі бастамашы болып салдырған үлкен зауытты басы бүтін көтеріп кеткен жоқ қой, ендеше ел игілігі үшін неге іске қоспасқа? Шынында да, Шардарадағы қант зауыт қашан іске қосылады? Бұл сұрақтың жауабын көпшілікпен бірге біз ауданның бүгінгі басшыларынан сұраймыз», - деген едік. Обалы не керек, біздің, яғни ғұмыры қысқа болған зауыттың ендігі тағдырына алаңдаған көпшіліктің сұрауын жергілікті шенеуніктер жауапсыз қалдырмапты. Бірақ, жаңа жоғарыда айтқанымыздай, бар жауапкершілікті кәсіпкерге жүктеген жауап өзі құлазып отырған көңілді одан бетер ауыртатындай екен. Қанша жерден жүректерді ауыртса да, амал жоқ, Шардараның қантынан дәмелі болып, аузының суы ағып жүргендерге естіртуіміз керек деген ниетпен ресми жолданған жауаптан үзінді беріп отырмыз. «2010 жылдың 22 ақпанында «Оңтүстік» АИО» ЖШС мен «Рахман ТБ» фермерлік қожалығы (ары қарай – Борышкер) арасында №07/ГКС-2010 несие келісімшарты түзіліп, тамшылатып суғару әдісін пайдалану арқылы жеміс-көкөніс өнеркәсібін ұйымдастыруға 34 489 636 теңге көлемінде қаржы ұсынылған. Аталған келісімшарттың талаптары төлем кестесінің аясында орындалмауына байланысты 2014 жылдың 2 желтоқсанынан Басқарма шешіміне сәйкес проблемалық жоба болып танылды. 2014 жылдың 2 маусымында Борышкерден «Оңтүстік» АИО» ЖШС-нің пайдасына 15 959 676 теңге қарыз сомасын және 476 716 теңге мемлекеттік баж салығын өндіру туралы шешім шығарылды.

Сот шешімін орындау мақсатында жеке сот орындаушысымен «Рахман ТБ» ФҚ-нің кепілдікке ұсынған тұрғын үй жалпы алаңы 101,6 ш.м ОҚО Шардара қаласы, Жаушықұм ауылы, 024 кварт 149 уч мекен-жайында орналасқан мүлкі электрондық сауда алаңында сатылып, 1 838 149 теңге қарыз сомасының қалдығы 14 601 243 теңгені құрайды. Сонымен қатар, 2011 жылдың 22 шілдесінде «Оңтүстік» АИО» ЖШС мен жеке кәсіпкер арасында түзілген №68/ДЗ-2011 несие шартының негізінде қуаттылығы тәулігіне 50 тонна қант қызылшасын өңдейтін қондырғы сатып алуға 8 000 000 теңге қаржы ұсынылған. Аталған шарттың талаптары төлем кестесінің аясында орындалмауына байланысты 2014 жылдың 14 мамырында Басқарма шешіміне сәйкес проблемалық жоба болып танылды. 2014 жылдың 22 мамырында Борышкерден «Оңтүстік» АИО» ЖШС-нің пайдасына 11 111 754 теңге қарыз сомасын және 333 353 теңге мемлекеттік баж салығын өндіру туралы шешім шығарылды.

Сот шешімін орындау мақсатында жеке сот орындаушысымен кәсіпкердің кепілдікке ұсынған тұрғын үй жалпы алаңы 72,1 ш.м ОҚО Шардара қаласы, Таутанов көшесі 23 үй мекен-жайында орналасқан мүлкі электрондық сауда алаңында сатылып, 742 424 теңге қарыз сомасы өндірілді. Бүгінде сот шешімімен бекітілген қарыз сомасының қалдығы 10 702 683 теңгені құрайды.

Қазіргі таңда электрондық сауда-саттыққа шығару мақсатында жоғарыда борышкерлердің сатылымнан қалған кепілдемелік мүліктеріне жеке сот орындаушысымен бағалау іс-шаралары жүргізілуде».

Демек, қыруар қаржыға келген зауыттың мүлік-мүкәмалын әлі де кәдеге жаратуға мүмкіндік бар. Тұрып тозатын дүниелердің қатарын толықтырып тұрған алып зауытты іске қоса алатын қалталы азаматтар болса инвестор ретінде тартып, жұмыс істеуіне мүмкіндік жасасақ, бұл енді, жаңа зауыттың талан-таражға түсіп кетуіне тосқауыл қойып, осыған дейін бөлінген қаруар қаржының қолды болуынан сақтайтын сауапты істің бірі болар еді. Сондай-ақ, бұл Елбасымыз Н.Назарбаевтың шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, халықты тұрақты жұмыспен қамту және сыбайлас-жемқорлыққа жол бермеу туралы тапсырмаларымен де үндестік тауып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жаңа зауыттың қайта іске қосылуы да, керсінше талан-таражға түсуі де – бүгінгі облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасына тікелей байланысты болса, оны жүзеге асыру Шардара тізгінін жаңадан қолға алған әкім Болатбек Қыстауовтың іскерлігі мен елге деген жанашырлығына байланысты болып тұр.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter