Үдемелі дамуы тиіс индустрия 7 жылдан бері бір орында тұр
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Үдемелі дамуы тиіс индустрия 7 жылдан бері бір орында тұр

Үдемелі дамуы тиіс индустрия 7 жылдан бері бір орында тұр
  • Жан КЕНЖЕ

800 өндіріс ошағы, 150 мың жаңа жұмыс орны. 2010-2014 жылдардағы бірінші Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының нәтижесі осындай болған. Бірақ бұл мәселенің беткі жағы ғана. Ал, түбін қазсаңыз, бұл бағдарламаның экономиканың дамуына айтарлықтай ықпалын тигізбегенін, әлі де алға жылжымай, бір орында тұрғанымызды байқауға болады.

Сол баяғы шикізат экспорттаушы ел күйімізде қалып қойдық

Ол туралы осыдан 3 жыл бұрын, аталмыш бағдарламаның алғашқы бесжылдығы аяқталған кезде экономистер айтудай-ақ айтып, кәсіби қорытынды жасаған болатын. Мысалы, Forbes журналында экономист Петр Своик бағдарламаның тек көлемдік көрсеткіштері, яғни салынған ақша мен алынған өнімнің көлемі ғана көбейіп жатқанын, басқа ешқандай өсім жоқ екенін айтқан болатын.

«Шынын айту керек, бағдарламада жоспарланғанның көпшілігі орындалып жатыр. Бірақ содан индустриялық сапа көтеріле қоймады. Көптеген жобалар – жемдеу алаңдары, цемент зауыттары, қосалқы электр стансалары сияқты нысандар. Алайда, олардың пайда болуынан Қазақстанның шикізатқа негізделген, импортқа тәуелді экономикасының сапасы түк өзгермеді. Негізінен шикізатты өндіру мен экспортқа жіберу, оған қызмет көрсету саласындағы жобалар ғана тиімді іске асырылып жатыр. Сонда біз шикізатты экспорттаудан қашан құтыламыз? Бағдарламада сол жағы кемшін түсіп отыр. Мысалы, «ҚазАтомПромның» Үлбі зауытын толықтыру туралы жоспары көп жылдан бері қағаз жүзінде қалып келеді. Мұнай өңдеу зауыттарын Евро стандартына көшіру туралы уәде жыл сайын қайталанады, бірақ орындалмайды. Мұнай химиясы мен химия өнеркәсібі бойынша жобалардың да орындалатын түрі жоқ. Ең болмағанда балама энергияның қуаттылығын арттыратын «қиял-ғажайып» жобалардың жемісін көретін күн бола ма?» деп жазды маман.

Бұл бағдарламаның неге жолы болмады? П.Своиктің пікірінше, біріншіден, еркін нарықтың заңдарына төтеп бере алмады. Өйткені, нарық заңы бойынша, сұранысқа ие тауарларды шығаратын зауыттар ғана дамиды. Ал қалғандарына – орын жоқ. Екіншіден, пациент өз-өзіне ота жасай алмайтыны сияқты Мұнайстан атанған еліміз де өзінің экспорттық-шикізаттық басымдылығын өзгерте алмады. Мұның себебі тек экономика емес, саясатқа да қатысты. Бізде биліктің шикізаттық бизнеспен бірігіп кеткені белгілі ғой. Ал, Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бұл саланың орнын алмастыратын өндіріс орындарын ашуға тиіс. Бұл кезде билік қайтеді? Үкімет «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», экспорттық-шикізаттық салаға кесірін тигізбей, оның мүддесіне балта шаппай-ақ бағдарламаны іске асырып келеді. Бұл бағдарлама – шикізаттық емес экономикадағы құрылыс және өндірістік қызметті суррогатты қаржыландыру ретінде пайдалы. Бары сол. Үшіншіден, Қазақстанда ҮИИД бағдарламасын іске асыру мүмкін емес. Неге? «Шын мәніндегі индустриялық-инновациялық дамуды тек өндіріс қана емес, ғылым, білім, мәдениет мен әлеуметтік саланы біріктіретін, кем дегенде 100-200 миллион адамы бар ауқымды кеңістікте жүзеге асыруға болады» дейді П.Своик.

Төрт жылда 43 пайыз өсімнің тек 3,6 пайызы орындалды

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы басталды. Сол арада дағдарыс жағадан алып, девальвация етектен тартты. Енді қанша тыраштансақ та, бағдарламаның алға қойған мақсатына қол жеткізу тіпті де мүмкін емес. Оның үстіне, бағдарлама қаржысы тиімді жұмсалмай, дұрыс пайдаланылмай отырғаны тағы бар.

ҮИИД бағдарламасының басты көрсеткіштерінің бірі – қайта өңдеуші өнеркәсіп көлемінің өсімі. Бағдарламада 2012 жылғы көрсеткіш негіз етіп алынып, 2019 жылы оның мөлшерін 1,5 есеге, яғни 43 пайызға көбейту көзделген. Дегенмен, оның бәрі сөз жүзінде қалып қояр түрі бар. Қайта өңдеуші өнеркәсіптің өсімі 2013 жылы – 1,9 пайыз, 2014 жылы – 1,1 пайыз, 2015 жылы – 0,2 пайыз, 2016 жылы – 0,4 пайыз болды. Яғни, 2012 жылдан бергі өсім – небары 3,6 пайыз. 4 жылда бар өскені осы болса, алдағы 3 жылда, яғни 2019 жылға дейін 43 пайыздық өсімді қайдан аламыз? Оған қол жеткізу үшін біздің өнеркәсіп жылына кем дегенде 10 пайызға өсіп отыруға тиіс.

“BRB Invest” компаниясының бас директоры Ғалым Құсайыновтың айтуынша, біз мұндай өсімге тәуелсіздік алған 25 жылда тек үш рет – 2000, 2001 және 2010 жылдары қол жеткізіппіз. Бірақ ол кезде алдыңғы жылдағы өсім төмен болған, сондықтан көрсеткіш жоғары болды. Ал, ҮИИД бағдарламасының тарихына көз салсақ, өнеркәсіптегі жоспарланған жоғары өсім тек 2013 жылы орындалған. О баста 1,6 пайыз болады деп жоспарланып, нәтижесінде 1,9 пайызға жетті. Қалған жылдарда жоспар ешқашан толық орындалған емес. Тіпті, 2015 жылдан кейінгі статистика өнеркәсіп өнімінің азайғанын көрсетіп отыр. Мынадай ауқымды жоспар, ақылды стратегиямыз бола тұра, кері кетуімізді деградация демеске амал жоқ.

2016 жылы өндіріс көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 20 пайызға өсуге тиіс болатын. Шындығында 10 пайызға әрең жетеді деген болжам бар. Алдағы бірнеше аптада ол да белгілі болып қалар.

Инвестиция мардымсыз болса, бағдарлама жемісін бермейді

Неге 2013 жылы өсім жоғары болды? Сарапшылардың айтуынша, ол жылы өндірістің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 633 млрд теңгені құрады. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 31,5 пайызға көп еді. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қайта өңдеуші бизнеске қолдау көрсетіліп, Ұлттық қор қаржысынан өнеркәсіпке тікелей несиелер берілді. Соның арқасында 2014 жылы өндіріс көлемі 6,1 млрд теңгеге жетті. Бірақ соның артынша салада дағдарыс басталды. Көрсеткіштер кері кетті. Үкімет экономиканы дамытуды бір шетке жиыстырып қойып, өз басымен қайғы болып кетті. Қолдағы барын аман алып қалуды ғана ойлады. Бағдарлама ұмытылды. Инвесторлар да ақымақ емес. Олар өз ақшаларын жобадан алып кете бастады.

Биыл бағдарламаға құйылған инвестиция 725 млрд теңге болды деседі. Бұл өткен жылғыдан да аз. Біз 2019 жылы өндірісте 572 мың адам жұмыс істеп, еңбек өнімділігі – 1,4 есеге ұлғаяды, энергия сыйымдылығы – 15 пайызға төмендейді деп жоспарлағанбыз. Алайда, инвестиция болмаса, оның бәрін орындау мүмкін бе?! Жоқ, әрине. Оған құйып отырған қаражатымыз әдетте шикізат сатудан келіп түсетін. Алайда, мұнай бағасы арзандаған соң ақшаның реті болмай қалды. Мұнайдың құны 2017 жылы да өспейді деген болжам бар, демек, бағдарламаның келесі жылғы көрсеткіштері де оңбайын деп тұр. Ақшаның азаюы, жоғары ставка арқылы инфляциямен күрес, қиыншылығы бітпейтін банк секторы, экономикаға арналған мемлекеттің ақшасын желге шашу – мұның бәрі біздің онсыз да мүшкіл халімізді одан сайын тығырыққа апарып тірейді.

Caravan.kz сайтына сұхбат берген Ғалым Құсайыновтың айтуынша, мамандардың 2017 жылға жасап отырған болжамы көңіл қуанта қоймайды.
«Инфляция өсіп, банк секторы қатты қысымға ұшырайды. Шағын банктер нарықтан кетеді. Өнеркәсіп өнімінің өсімі тек Қашағанның және мемлекеттің құрылысқа салған қаржысының арқасында ғана болуы мүмкін. Бірақ, Қашағанды игеруге кететін шығындардың кесірі жұмыспен қамту саласына және табысымызға өз әсерін тигізбей қоймайды. Бірінші жылы Қашағанның жұмысынан экономикаға келетін айтарлықтай пайда жоқ. Егер мұнай бағасы өспесе, курсқа жасалатын қысым жалғаса береді. Тағы бір девальвация қажет болады. Бірақ сол сәтте инфляцияны тежеп отыруға тура келеді. Сондықтан бұл да экономиканың өсімін шектеп, үкіметтің жұмысына кедергі келтіретін факторлардың біріне айналмақ» дейді сарапшы.

Түйін.

Сыртқы факторлар аз болғандай, бұл бағдарламаның қаржысын шетінен кертіп жеп жатқандар да аз емес. Мысалы, 2012 жылы осы құжаттан 3 млрд теңгеден астам қаржы жымқырылғаны белгілі болды. Біреу 5 мың тонналық көкөніс қоймасының құрылысынан 23,7 миллион теңгені қармап қалса, енді бір шенді көлік-логистикалық тізбектің жобасынан 2,7 млрд теңгені «асап» қойыпты. Тағы біреуі «Алматы-Астана» талшықты-оптикалық желісінің қаржысынан 320 млн теңгені қалтасына басқан. Әрине, үдемелі дамуға ешкім де қарсы емес, алайда оның жемісін қашан көреміз? Осымен жетінші жыл іске асырылып келе жатқан бағдарлама қашан экономикамызды әртараптандырып, гүлдендіріп, тұрмысымызды жақсартады? Бұл – жай риторикалық сұрақтар. Өйткені жауабы сіз бен бізге онсыз да белгілі...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter