Инфляция шектен шығып кетті
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Инфляция шектен шығып кетті

Инфляция шектен шығып кетті
  • Жан КЕНЖЕ

Баға жыл емес, ай сайын өседі. Өспейтін – жалақы ғана. Биыл да тауарлар мен қызметтердің бағасы шарықтап, шегіне жетті. Алда жаңа 2017 жыл келе жатыр. Қаңтар сайын қымбатшылық қыспаққа алатыны тағы бар. Елімізде азық-түлік пен қызметтер құны өткен жылмен салыстырғанда 11,5%-ға өсіпті. Сәйкесінше инфляция 15,9%-ды құрады (биылғы 10 айдағы баға өсімі инфографикада көрсетілген).

Бәрінен де екінші нан саналатын картоптың қымбаттауы жанға батып-ақ отыр. Бақандай 41,4%-ға өсіп кеткен. Құны көтерілген тауарларды тізіп айта берсек, шегі жоқ. Десе де, бұл – жай цифрлар ғана емес, халықтың қалтасына түсетін ауыртпалық пен қиындықтың көрсеткіші. Баға өскен сайын сорлайтын – солар. Бірақ бұл инфляция қашанғы жағадан алып, төске шаба береді? Тұрақтылыққа қол жеткізетін кезең бола ма, болмай ма? Бұл орайда халықтың үміті баяғыда үзілген. Баға бағынбайтын асау сияқты.

Шымкент қаласының тұрғыны Әбдіразақ Сұлтанбековтың отбасында 5 бала бар. Өзі – құрылысшы, әйелі Жәмила – мұғалім. Отбасының бір айлық табысы – 110-120 мың теңге. 5 балалы отбасыға бұл ақша өте аз. Алайда, оңтүстіктегі жалақының сиқы осындай болғандықтан, бұл отбасының одан көп табыс табуға мүмкіншілігі аз.

«Айлығымыз келесі айлыққа дейін жетпей қалады. Сосын азық-түлікті дүкеннен қарызға аламыз да, келесі айдың жалақысының біраз бөлігі сол қарызды жабуға кетеді. Балалардың денсаулығы үшін құрамында дәрумені көп, құнарлы тамақ алуға көп жағдайда қол қысқа. Ең бастысы, үйдегілерді еттен тарықтырмауға барынша тырысамыз. Бағаның қымбаттағаны біз сияқты қарапайым халыққа кәдімгідей сезіледі. Мысалы, көктемде ғана келісін 210 теңгеден алып жүрген қантты қазір үйдің жанындағы дүкеннен 300 теңгеден алып жүрміз» дейді Жәмила.

Бірақ, Ұлттық банктің сөзіне сенсек, жағдай тұрақталған, биыл баға өсімі әрі кеткенде 6-8 пайыздан аспайды. Шамасы, Ұлттық банк басқа, халық басқа әлемде өмір сүріп жатқан болса керек. Өйткені, биылғы инфляция өткен жылмен салыстырғанда, 15,9 пайызды құрады. Көрші Ресейдің өзінде инфляция бізден әлдеқайда төмен – 6,1 пайыз.

Жуырда Ұлттық банк инфляцияға қатысты өз болжамын жасаған болатын. Еліміздегі басты қаржы ұйымының хабарлауынша, алдағы жылы мұнай бағасы барреліне 40 доллар көлемінде болады. Осы баға бойынша келесі жылғы инфляция 6-8 пайызға, ал 2018 жылы 5-7 пайызға дейін төмендейді. Ұлттық банк сарапшыларының айтуынша, бұл «игілік» әлемдік тауар нарығындағы жағдайдың тұрақтануы, бейтарап салық-бюджеттік саясатты жүзеге асыру, ішкі сұраныстың әлісіздігі және басқа да түрлі себептердің арқасында іске асады. Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болғандықтан, ондағы инфляцияның төмендеуі бізге де әсер етеді. «Ал, азық-түлік бағасы негізгі дәнді дақылдардың шығымдылығы жоғары болғандықтан және әлемдік экономика өсімінің әлсіз динамикасының салдарынан өте баяу өсуі мүмкін» делінеді ресми мәлімдемеде. Мұнай бағасының тұрақтануы да девальвацияның болу мүмкіндігін азайтады. Қазақстанның 2017-2021 жылдарға арналған даму бағдарламасында да келесі жылы инфляция 6-8, арғы жылы 5-7 пайыз болады деп болжанып отыр. Тіпті, «2020-2021 жылдары 3-4 пайызға түседі» дейді. Бірақ, бұл жерде мұнай бағасы барреліне – 35, ал 2020 жылы – 40 доллар деп қарастырылған. Алайда, былтыр да «6-8 пайыз болады» деген инфляциямыз шын мәнінде 16,5%-ға жетіп, болжам орындалмай қалғанын Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметінен білуге болады. Демек, болжам бөлек, ақиқат басқа.

Экономикалық өсімге келсек, Ұлттық банк «биыл – 0,2-0,5%, 2017 жылы 1,5-2% өсім болады» деп отыр. Дегенмен, банк «Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді өсім потенциалы ұлғаяды» деп күтудің қажеті жоқ екенін мойындайды. Өйткені, шикізатқа негізделген әлсіз экономикамыз сол қалпынан өзгере қойған жоқ. «Инфляцияны жеделдететін үлкен қауіп – мұнай бағасының барреліне 30 доллардан әрі төмендеуі. Егер расымен солай болса, онда келесі жылы және 2018 жылдың алғашқы жарты жылында инфляция тағы да мөлшерден асып түседі» дейді экономист Т.Асқаров. Ол жағдайда сорлайтын – тағы да сол қарапайым, қалтасы тесік жұрт.

Инфляцияның қаншалықты өскенін «GfK Kazakhstan» зерттеу компаниясының сауалнама нәтижелерінен де білуге болады. Олар Қазақстанның әр аймағында тұратын тұрғындардан «баға алдағы 12 айда қаншалықты өседі деп ойлайсыз?» деген сауал қойыпты. Соның 42,3%-ы алдағы бір жылда баға осы қарқынмен өсе беретінін айтса, тағы 14,8%-ы бұдан қатты өсетініне сенімді. Сұралғандардың тек 19,1 пайызы – «қымбатшылық аздап бәсеңсиді» деген үмітте. Ағымдағы жылдың сәуір айында сұралғандардың көпшілігі, яғни 71,7%-ы соңғы бір жылда инфляция әсерін айтарлықтай сезінгендерін, бағалар өте қатты өскенін айтыпты. Ең қызығы «баға қаншалықты өсті?» деген сауалға халықтың 50 пайызға жуығы «20 пайыздан жоғары» деп жауап берген. 16 пайызы «баға 16-20 пайызға өсті» деп отыр.

Бұл компанияның сауалнамасына ай сайын 1500 респондент қатысатынын ескерсек, сенімді ақпарат екені анық. Өйткені, халық – нарықтың басты қатысушысы. Демек, бұл зерттеудің салмағы басым.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter