Бұл бір сұмдық заман болды...
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Бұл бір сұмдық заман болды...

  • Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Қариялардың аузынан осы сөзді жиі естисің. Алайда, отыздан енді асқан мен қатарлас жастар бұл сөздің мәнін соншалықты терең түсіне қоюы қиын. Себебі біз осы заманнан басқаны көргеніміз жоқ. Ал олар көрді. Көргенде де заманның көкесін көрді. Сонда да бұл заманды сұмдық дейді. Неге?

Құдайға шүкір дейік, қазақ қазіргідей еркіндікті, қазіргідей тыныштықты, бүгінгідей аста-төк тіршілікті бұрын соңды демесек те, соңғы 100 жылда көрген емес. Бұлай деуімізге тарих куә. Нәубеттің небірі халқымызды ары шашты, бері шашты, аштан қатырды, соғыстырды, атты, асты, өзінің кім екенін ұмыттырып жібере жаздады. Құқайдың талайын көрген қазаққа Құдай жиырма бірінші ғасырдың қарсаңында үлкен сый жасады. Тәуелсіздік берді. Ал енді оян деді. Ел екеніңді, жұрт екеніңді дәлелде, көршің қызығатын, дұшпаның қызғанатын мемлекет жаса, еркін де ерікті қоғам орнат деді. Орната алдық па? Бұл бөлек әңгіме.

100 жыл бұрынғы қазақ қандай еді? Қазақ орыстың боданы тұғын. Боданы болса да батырлары, тілі қысқа болса да тайсалмас шешендері бар-тын. Діни догманың айналасынан ары шыға алмай, соның кесірінен беделін жоғалтып, қайратын сарқыған араб пен парсыныкіндей халқы сауатсыздыққа ұшыраған жоқ. Білім іздеді. Ғылым тапты. Мейлі қуғындалсын, мейлі итжеккенге айдалсын, ең бастысы – өзін жоғалтпаған болатын. Өнері, ғылымы дамыды. Қазақы салт-сана оянды. Адамдар мейірімді болатын. Адамгершілік, адами құндылықтар бірінші орынға шықты. Небір таланттар дүниеге келді. Бұның бәрі сол қып-қызыл тормен қоршалған империяның кезінде біздің жерімізде болған нәрсе. 

Енді ше? Сондай бум өткен жүзжылдықта емес, қазір болуы керек сияқты еді. Бірақ, олай емес. Адамдар бір-біріне мейірімді болуды қойды. Өнер – өнер емес, эротикаға айналды. Ғылым мен білім іздегендер ақшаның соңынан қуып, кім көп берген жерде қалып қойып жатыр. Таланттар да азайды. Егемен болғалы ширек ғасырда Шәкен Аймановтардың тырнағына татитын өнер қайраткерін көргеніміз жоқ. Жастар білім алуды қойып, жартысы сақал-сақал діндар болды, қалғаны көше кезіп, бір-бірін атып, бір-бірін зорлап жүр. Қазақы салт-сана ұйқыға қайта кетті. Бұның бәрін де қоя тұрыңыз, ең сорақысы – байлар мен кедейлердің арасы жер мен көктей алшақтап бара жатыр. Шортанбай ақын жырлағандай «мынау ақыр заманда алуан, алуан жан шықты, қайыры жоқ бай шықты, сауып ішер сүті жоқ, мініп көрер күші жоқ, ақша деген мал шықты». Мейірім мен кешірім жетпейді, бір-бірімізді талауға асығып тұрамыз. 

Әсіресе қолында билігі, мансабы бар шен-шекпенділер әлсізге күш көрсетіп, күн бермей барады. Байқамай аяғын басып кеткенді, бизнесіне, билігіне бәсеке болғанды қаматады, не бет-аузын көк ала қойдай етіп сабатады. Сөйтеді де ұялмастан ел алдына шығып, дүниеде бұдан артық бекзат адам жоқтай бөседі. Жасы келе бастағанда мешіт салады. Бұл оның Құдайдан қорқып, пана сұраған түрі. Жоқ-жітіктен пара дәметіп, соңғы тиынына дейін сыпырып алып салдыртқан мешітін Жаратқан иеміз «мынау менің үйім» дер ме екен? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Бұларға Құдайдың өзі бағынышты сияқты. 

Ол аз десеңіз саясат деген сайқал шықты. Әкімдік, жалпы билік жағалағандар біреудің орнын тартып алсам, біреуді оңдырмай мұқатсам, ананың орнына мынаны қойдырсам, пәленшенің абыройын айрандай төксем, түгеншені қаматып, мал-мүлкін өзіме қаратып алсам дейтін болды. Осыларды көрген соң сайқал демей көр. Иә, саясаттың бұрыннан сайқал екенін естиміз, бірақ қазіргіні көрсе бұрынғының сайқалы бетін жауып, ұяттан жерге кіріп кететін секілді...

Несін айтасыз, ғасырдың басында ақылы енді-енді кірген бала едік. Сонау бұрынғының абыз ақсақалдарын көрмесек те, соларды көрген қариялардың шет жағын, санаулысын біз де көріп қалдық. Кісілігі келісіп, келбетіне ақылы сай болушы еді. Өткенді айтып, төңірекке шолып, елдің тағдырын сөз ететін, шариғат айтып, бірлікке шақырып, ауыл-ауылды аралап, қазақы тіршілікті ұмыттырмайтын еді. «Бұл бір сұмдық заман болды» дегенді де сол ақсақалдардан естігем. Бозбала көңіл сұмдық заманды қайтсін, мәнісіне бойламаппыз. Енді есейіп, ақыл тоқтатып, жұрт көрген соң, ақсақал айтқан сұм заманның сұмдығын байқай бастадық. Қолға қалам алдырған да осы еді.

Қас қылғанда бүгіндері заманның сұмдығын айтып, «өзіңе кел» дейтін қария жоқ. Бірдеңе айтса есеппен айтады, руласының, жекжатының жоғын жоқтап, барын түгендейді. Тиын-тебен, шапан-тақияға таласып, төбелескендерін де көріп жатырмыз. Сөзі пәтуалы, аузы дуалы, шежіреден тарқатып, шариғат айтатын қазыналы қарттардың келмеске кеткені жаныңа батады. Тірілерінің жүрісі анау, ұрпаққа кім өнеге болады, жастардың бойына кісілік қайдан дариды? Баяғының қариялары қателеспепті, шынымен де бұл бір сұмдық заман болды...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter