«Король өлді. Жасасын король!»
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

«Король өлді. Жасасын король!»

«Король өлді. Жасасын король!»
  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

4 желтоқсанда Өзбекстан өз тәуелсіздігі тарихында екінші президентін сайлады. Елді ширек ғасыр басқарған Ислам Каримовтың қазасынан кейін мемлекет тізгінін Шавкат Мирзиеев ұстады. Енді саяси сарапшыларды мазалаған басты мәселе – «Өзбекстанның жаңа басшысы қандай саясат ұстанады, Орталық Азия аймағына бұл өзгеріс не әкеледі?» деген сауалдар төңірегінде өрбуде.

Бұрынғы премьер-министр Шавкат Мирзиеевтің жеңіске жететініне ешкімнің шүбәсі болған жоқ. Оның Өзбекстанның екінші президенті болатыны Каримов көз жұмғаннан соң-ақ белгілі еді. Ала шапанды ағайындағы алғашқы басшы кенеттен кеткесін, кланаралық тартыста мықтылығын көрсеткен Мирзиеев президент міндетін атқара бастағанда оның кім болары айқын еді. Моноцентристік жүйе қалыптасқан республикада, посткеңестік көп елдердегідей, сайлау науқанында қандай да бір топтар арасында шынайы саяси бәсекенің болмайтыны белгілі. Президенттікке үміткер алдын-ала, негізгі ішкі саяси күштер және сыртқы стратегиялық әріптес елдердің басшыларымен жүргізілген келіссөздерден соң анықталады. Ал, жексенбіде өткен сайлау – сол тұлғаның қызметін заңдастыру ғана.

Өзбекстандық орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мырза-Ұлықбек Абдусаломов жариялаған мәлімет бойынша Либералды-демократиялық партия атынан ұсынылған Шавкат Мирзиеевқа электораттың 88,61%-ы дауыс берген. Халықтық-демократиялық партия төрағасы Хатамжон Кетмонов 3,73%, «Адолат» социал-демократиялық партия жетекшісі Наримон Уманов–3,46% дауыс жинаған болса, «Миллий Тикланиш» (Ұлттық қайта өрлеу) саяси ұйымының атынан түскен Сарвар Отамурадовқа сайлаушылардың 2,35%-ы қолдау көрсеткен. Президенттікке үміткерлер арасындағы дауыс үлесінің өзі саяси бәсекенің сипатын білдіріп тұрғандай.

Демократиялық құндылықтар туралы айтатындардың сөзі басым боп тұрған заманда, қағаз жүзінде болсын, президент сайлауы – маңызды көрсеткіш. Сондықтан болар, көптеген сарапшылар Өзбекстанның бұл науқанға барынша жауапкершілікпен әрі зор ынтамен қарағанын айтады. Нәтижеде посткеңестік елдерге сынмен қарайтын ОБСЕ оны жоғары бағалады. Ұйымның басты базынасы – кандидаттар арасындағы бәсекенің бәсең болғаны. ОБСЕ-нің демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро басшысы Петер Тейлер Өзбекстанның ОСК-сы ұйымдастыру жұмыстарын жақсы жүргізгенін атап өтіп, «бәсеке деңгейі бұдан да жоғары болуы мүмкін еді. Атап айтқанда, кандидаттардың үгіт компаниясы кезінде белсенді дебаттар болған жоқ», деді. Сайлау барысында жіберілген кемшіліктерге тоқталғанда Тейлер сайлау жәшігіне бюллетеньдерді көптеп салып жіберу, сенімхат арқылы дауыс беру мен отбасы атынан дауыс беру секілді көріністерді тізіп шығыпты. Бірақ, бұл ОБСЕ-нің Өзбекстандағы сайлауға берген бағасына аса ықпал ете қойған жоқ. Ұйымның ала топылы ағайын тәуелсіздік алғалы бергі барлық сайлауын мойындамай келгенін ескерсек, осы жолғы бағасы біраз жәйттен хабар береді...

30 миллионнан асатын халқының 20 миллион 500 мыңдайы дауыс беру құқына ие мемлекет тұрғындарының бұл жолғы сайлауға 87,83%-ы қатысқан. Өткен жылдың наурыз айында бұл көрсеткіш 91,01% құраған екен. Сайлауға қатысқандардың саны бұл жолы аз болуы әдеттегідей, тұрғындардың бір бөлігі «шешіліп қойған мәселе» деген енжарлығымен немесе осы сайлауда билік саннан сапаға назар аударғанын байқатуы да мүмкін. Дегенмен, Өзбекстанға көрші жатқан елдер мен оның әріптестері үшін сайлаудың сапасынан оның салдары қызықты. Президенттің ауысуымен елдің сыртқы саясаты қаншалықты өзгереді?

Президенттік міндетті уақытша болсын қолына алысымен Шавкат Мирзиеев Ислам Каримовтың саясатын жалғастыратынын мәлімдеген. Бірақ, өзінің де бірқатар бастамаларын жүзеге асырды. Соның ішінде Каримовтың кезінде қуғынға ұшыраған өнерпаздар мен бұрынғы президенттің саяси оппоненті, 22 жылдай түрмеде отырған Самандар Қуқоновты босатуы адам құқын қадағалайтын шетелдік ұйымдар тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Бұл – Шавкат Мирзиеевтің «бұл әннің бұрынғыдан өзгешелеу» болатынын байқатқаны. Қала берді, Мирзиеевтің сайлауалды бағдарламасының негізгі тұсы – парламенттің құзыретін кеңейтуге бағытталды. Ол елдің заң шығарушы органына мемлекет мүддесіне қауіп төндіретін жәйттерге дербес тексеру жүргізу мүмкіндігін беруді көздейді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев «Қазақстандағы сияқты өзбек парламенті де – атқарушы билік қолындағы құрал ғана. Сондықтан, парламент тәуелсіз тексеру жүргізеді дегенге үміт артудың қажеті шамалы. Алайда, Орталық Азия елдерінің бірінің парламентінде, мейлі ол қағаз жүзінде болсын, осынау тетіктің пайда болуының өзі қызық. Ш.Мирзиеев қазір ең әрісі халықаралық қауымдастық алдында өзінің лигитимділігін арттыру мақсатында «демократия ойынын» ойнай алады. Мұндай ойынға Орталық Азиядағы көптеген елдер құмар. Бірақ, Ш.Мирзиеевтың бағы бар екен: ол кереғарлықты пайдалана алады. Өйткені, қоғамды барынша тұсаулап тастаған Ислам Каримовтың билігімен салыстырғанда кез келген жеңілдік алға жасалған қадам деп қабылданады», деген пікірін айта келіп, «Ш.Мирзиеевтің сайлануымен өзгеретін нәрсе - өзбек элитасының ішіндегі күштердің балансы. «Міндетін атқарушы» деген тіркестен арылғанымен, «мәмілешіл тұлға» деген аттан арыла қоймаған оның позициясы әлі де болса сол элита ішіндегі өзге ойыншылардың қолдап отырғанының арқасында ғана мықты болып тұр. Бұл элитаішілік бәтуа қаншалықты өміршең боларын айту қиын. Әсіресе, егде тартып қалған Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Рустам Иноятов саяси сахнадан кетер болса», дейді.

Сайлаудың алдында Мирзиеевтің өзі алдыңғы президенттің саясатын жалғастырып, ТМД елдерімен барыс-келісін жалғастыратынын айтқан еді. Әсілі, Өзбекстанның жаңа президенті тек ішкі ғана емес, сырттағы саяси ойыншылардың да қолдауына ие болуды көздейтін сияқты. Ш.Мирзиеевтің Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы территориялық талас салдарынан туындаған араздықты шешуге күш сала бастағаны да – соның айғағы. Егер осы ұстанымынан танбайтын болса мұның Қазақстанға да тиер пайдасы бар. Әсіресе, жылда суармалы судан қиналатын Оңтүстік диқандарының тынысы бір кеңіп қалар еді. Оның үстіне қазақ-өзбек шекарасы маңында да әлі шешімін күтіп тұрған біраз мәселелер бар.

Бірқатар сарапшылар бір кездері Каримов кіруге қарсылық білдірген Еуразиялық Экономикалық одаққа Өзбекстанның ертерек мүше болғанын қалайды. Бірақ, оның тиімді тұстарымен қатар кері әсері де бар. Миграциялық тәртіптің жеңілдеуімен сол елдегі жұмыс іздеген халықтың экономикалық одаққа мүше елдердің аумағына бүгінгіден де көптеп ағылуына жол ашылады. Ол дегеніңіз, арзан жұмыс күші пайда болуынан жергілікті жерлердегі еңбек нарығында қиындықтар туындайды деген сөз. Не болса да өзбек бауырларымызды су жаңа президенттерімен құттықтаймыз. Әділ патша болсын!

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter