Трамптың түбіне импичмент жетпесін...
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Трамптың түбіне импичмент жетпесін...

Трамптың түбіне импичмент жетпесін...
  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

2016 жыл Батыс демократиясында үлкен өзгерістер басталған жыл деуге болады. Саясаткерлер сөзіндегі популизмнің көбеюі, Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы мен Трамптың сайлаудағы жеңісі демократия бизнес емес екенін көрсетті. Әсіресе, АҚШ-тағы сайлау нәтижесі осы өзгерістерге серпін беретін оқиғаның бірі болды. Аталмыш саяси доданың қорытындысы америкалықтардың көпшілігінің жаһанданудағы еркін сауда және ашық шекара секілді қағидалармен келіспейтінін, әрі Вашингтонның сыртқы саясатта соңғы жылдары қатты ұстанып келген «әсіре бауырмалдығын» құптамайтынын айқын көрсетті.

Біз «қызға қырындады» деп министріміздің қызметінен кетуін талап етіп жүргенде АҚШ-та қыз көрсе, делебесі қозатынын ашық айтатын адам мемлекет басшысы боп сайланды. Бұл – жаһан демократиясының докторы саналатын АҚШ-тың өзінде құндылықтар векторы өзгеріске ұшырағанының айғағы. Жалпы, Дональд Трамп – қарама-қайшылықтарға толы тұлға. Басы талай даудан өткен оның сайлаудағы жеңісі өзін ұсынған республикашылдар партиясының арасына ғана емес, тұтас елге жік салған сыңайлы. Аз дауыс жинаса да, «аты озып келген» оны Құрама Штаттардың біраз бөлігі президент ретінде мойындағысы келмей отыр. Ендігі мәселе – бүкіл америкалықтарға президент болғысы келетін Дональд Трамптың қолынан елді біріктіру келе ме? Егер бұл сөзі де бөспе болса, онда көріпкел Ванганың «АҚШ-тың соңғы президенті қара нәсілді болады» дегені келейін деп тұр. Тек «ақымақ адам миллиардер болмайды» деген ой ғана көпшіліктің көңіліне демеу боп тұрғандай.

АҚШ-тағы сайлау қорытындысынан соң әлемдегі біраз елдің басшысынан маза кетті. Дәлірек айтқанда, оларды жаңа сайланған президенттің сыртқы саясаттағы ұстанымы мазалайды. Бұл миграция мәселесіне де қатысты. Онсыз да америкалық алпауыттың араласуынан Африка елдерінен қашқан босқыннан басы қатып жүрген Еуропаның «сол қашқындарға құтты орын табуға АҚШ та көмектессе екен» деген дәмесі ескі дамбал секілді сетінеді. «Жаһан жиһангерінің» тағына талас басталғанда-ақ үміткер Трамп АҚШ-ты заңсыз мигранттардан тазартуға уәде етті. Әрине, оны орындау үшін қыруар қаржы қажет. Президент ретінде 1 $ (бір доллар) жалақыны місе тұтқан миллиардер мемлекет басшысына тиесілі ақшаны мигранттар мәселесіне жұмсамаса болғаны. Бұл ішкі жұмыссыздық мәселесін шешкенімен, АҚШ-тан қуылған келімсектер сол маңдағы елдердің «шаншуына» айналып шыға келеді. Миграциялық полиция қатарын үш есеге өсіріп, шекарашыларды көбейткісі келетін Дональд Трамп Мексикамен арадағы шекараға қорған да салуға ниетті.

Жұмыссыздық мәселесін шешудің тағы бір жолы – өндірісті дамытып, ауқымды құрылыс жобаларын қолға алу. Бұл орайда, сайлауалды тұғырнамасында Дональд Трамп АҚШ-қа Қытайдан келетін тауарларға салық енгізгісі келетінін айтқан еді. Оның бұлай деуіне аспанасты елінің әлемдік валюта нарығындағы әрекеттері түрткі болды. Ұлттық валютасын қолдан құнсыздандырып отыратын ханзу елін, президент бола қалса, Трамп валюта манипуляторы деп жариялауға уәде еткен еді. Қала берді, бұл қадам соңғы кезде өсімін баяулатқан АҚШ-тың өндірістік әлеуетін өсіреді. Сырттан келетін тауар құны қымбаттаған соң, тұтынушы жергілікті өнімді сатып алады. Сол арқылы өндірістің дамуына мұрындық болады. Бірақ бұл шара жүзеге асатын болса, әлемдегі ең алпауыт экономикалар арасында мүдделер қақтығысы орын алуы ықтимал. Бұл АҚШ-тың ішкі өндірісін дамытқанымен, әлемдік экономикаға, әсіресе, Шығыс нарығына кері әсерін тигізбей қоймасы анық. Трамп жыл сайын әлеуметтік сақтандыру мен медицинадан өзге барлық салаларға кететін шығынды қысқартып, армияны асырауға кететін қаражатты арттырмақшы және елдегі инфрақұрылымды дамытуға күш салмақ.

Байқап тұрғаныңыздай, Дональд Трамптың президенттік тұғырнамасы негізінен мемлекеттің ішкі мәселелеріне бағытталған. Бұл дегеніңіз ішкі қауіпсіздік саясатында оны сыртқы мәселелер және халықаралық құндылықтар мен нормалардың қызықтыратыны шамалы екенін байқатады. Бір жағынан, бұл – сайлау алдында президент болғысы келетін әркімнің-ақ айтатын әңгімесі. Тек әлемдік гегемонияны басты орыннан алып тастаған тұлғаға АҚШ тұрғындарының жартысына жуығының дауыс беруі – бұл елде де қоғамның демократия мен құндылықтарға деген көзқарасының векторы өзгеріске ұшырағанын айғақтайды.

Қала берді, Трамптың АҚШ президенттігіне үміткер болып тұрған шағында халықаралық ірі одақтар мен әріптестіктерді сынап тастағаны осы елге арқа сүйеп, соны үлгі, керек десеңіз, аға тұтып өсіп келе жатқан елдерді қатты ойландырып отыр. Мәселен, Батысқа бет бұрған Украина өзінің Ресейден еншісі бөлек ел ретіндегі дамуын негізінен осы АҚШ-пен байланыстырады. Жуырда Петр Порошенконың Тарампқа телефон шалып, Вашингтонның Украинаны қолдау саясатын жалғастыруын өтінгені ресми Киевтің алаңдаулы екенін көрсетсе керек. Енді қайтсін, қоңсы отырған «ағасы» Батыс құндылықтарына талпынған елдің Қырымын қымқырып, тағы шығысында шатақ салып жатса. Айтпақшы, Кремльді Минск келісімін орындауға мойын бұрғызғандардың арасында Обама да бар. Енді ол кетіп, «сыртқы саясатқа салғырт» Трамп Ақ үйге енсе, Донецк пен Луганскідегі шайқастар қайта өршіп, Мәскеу Киевті қыспаққа алуын күшейтуі бек мүмкін. Порошенконың өтінішіне АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті нақты жауап қатпапты. Оны украиналық БАҚ-та жарияланған мақалалардан-ақ байқауға болады. Бірақ, бір назар аударатын тұс бар. Ресей басшысы Трамппен телефон арқылы байланысқа шыққаны туралы ресми баспасөз релизі таратылды да, ал Порошенкомен сымтетіктегі сұхбат жайлы ләм-мим деп ауыз ашқан жоқ. Саяси хаттамадағы үтір-нүктенің де бір астарының барын білетін сарапшылар мұның мәнісін зерттеп жатыр...

Трамптың тағы бір мәлімдемесі, әсіресе, НАТО-ға мүше елдердің арасында түрлі пікір тудырып отыр. Президенттікке үміткер кезінде әскери альянсты сынаған ол «АҚШ-тың кей одақтастары осы ұйым алдындағы өз міндеттерін орындамай отыр» деген-тін. Егер Ресей НАТО-ға мүше елдердің біріне шабуыл жасар болса, Трамп бірден араша түспей, соғысқа араласардың алдында елдің альянс алдындағы қаржылай борышын өтеген-өтемегенін анықтап алады. Оның бұл сөзінен солтүстік альянсқа, әсіресе, жақында мүше болған елдердің басшылары секем алып қалды. Алпауытқа сеніп, Ресеймен тіресе бастаған Еуропаның бірқатар елдері енді ойланып қалды. Ал, президентке үміткердің бұл сөзі Мәскеудегі саясаткерлерге майдай жаққаны анық. Ресейлік БАҚ-тар Трамптың сөзін жарыса жариялап жатты. Сайлаудың алдында Дональд Трамп Путинді мақтап, Ресеймен қарым-қатынасты жақсартатынын жан-жақты айтып жүргенін ескерсек, бұл кейбіреулер үшін қышыған жерді қасығандай әсер етті. Тіпті Ресей президентін мемлекет басшысы болуға нағыз лайықты адам ретінде Барак Обамадан да жоғары бағалағаны бар. Алайда сайлау өтердің алдында ғана бұл пікірін қайта қарайтынын мәлімдеді. Мәскеудің Сирияның Алеппо қаласындағы әрекетін айыптап, «Путин Обаманы сыйламайды» деп кінә тақты. Әзірге онымен арақатынасының қалай боларын нақты айта алмаған Трамп Ресеймен әріптестікті ДАИШ-қа қарсы күрес аясында сақтауға тоқтап тұр. Ал, күні кеше Трампты президенттікке ұсынған республикашылдар партиясы басымдыққа ие болып отырған Уәкілдер палатасы Сирия, Иран және Ресейге қатысты санкцияларды күшейтуді мақұлдады.

Сайлауда жеңіп шыққан Дональд Трамп өз сөзін әдетінен тыс, мәйім әрі байсалды сөйледі. АҚШ халқын бірлікке шақырып, өзінің барлық америкалықтардың президенті болатынын айтты. Бірақ ел арасында сауалнама жүргізген «PEW» зерттеу орталығы АҚШ тұрғындарының 60 пайызы «Трамп басшылығы ел тұтастығын одан сайын әлсіретеді» деген пікір айтқан. Егер қатарынан екі рет президент сайлауында жеңіп шыққан Барак Обама сайлауалды уәделерінің 34 пайызын ғана орындай алғанын ескерсек, Дональд Трамп айтқан жоспарының да дені құр сөз боп қалуы мүмкін. Әйтсе де, кім білсін, «жындының сандырағы келеді» деп қазақ атам бекер айтпаған шығар.

Қайткенде де, қызметіне ресми кірісуге әлі екі айдай уақыты бар АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трамптың алғашқы қадамдарының қандай боларын дөп басып айту әзірге қиын. Оны тек бір адам ғана дәл болжай алады. Ол – Аллан Лихтман. 1984 жылдан бастап АҚШ-тағы барлық президенттік сайлаудың нәтижесін алдын ала дөп басып болжап келген америкалық профессор елдің бүйрегі Хиллари Клинтонға бұрып тұрғанда Дональд Трамптың Ақ үй қожайыны болатынын дәл болжап еді. Енді тарихшы ғалым Трампты алда импичмент күтіп тұрғанын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, Конгресс Трампты президент қызметінен шеттетіп, оның орнына вице-президет Майкл Пенсті билік басына шығаруы мүмкін. Айтпақшы, соңғысы республикашылдар партиясының «сүйікті баласы» екен. Бұл болжамды профессор Лихтман өзі жасап шығарған ерекше жүйесі арқылы емес, республикашылдар арасындағы қазіргі көңіл-күй мен ішкі түйсігіне сүйеніп айтыпты. «Олар Трампты президент ретінде көргісі келмейді. Өйткені ол – бақылауға бағынбайтын адам. Әрі оның ендігі қандай қадамға баратыны да болжауға келмейді. Республикашылдар үшін бетке тіке айтатын, консервативті әрі партия ырқына көнетін Пенс қолайлы. Қала берді, сенімсіздік жариялауға Трамптың өзі себеп болады деп ойлаймын» дейді Аллан Лихтман. Не дейміз, уақыт – төреші. 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter