Каримов кетті. Енді...
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Каримов кетті. Енді...

Каримов кетті. Енді...
  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлаған өзбек халқы келесі күні қара жамылды. Елін 26 жыл басқарған Өзбекстанның тұңғыш президентінің қазасы туралы хабар тек ала тақиялы ағайынды ғана емес, Орталық Азиядағы біраз елді ойландырып тастады. Ислам Каримов бар құрмет-қошеметпен жер қойнына тапсырылғанымен, артында біраз сұрақ қалып қойды. Соның ең негізгісі – келесі кім?

Каримовтың қазасы нағыз қаңқу сөзге толған «құпия» өлім болды. Оның жан тәсілім еткені 28-тамыз күні Өзбекстан президенті ауруханаға түскеннен соң-ақ тарай бастады. Ташкент тарапынан бірден жауап болмағасын, көрші елдің, әсіресе, Қазақстандық БАҚ-тар сан-саққа жүгіртті. Ең қызығы – көрші ел басшысының қазасы біздегі ақпарат кеңістігінде кімнің ықпалы басым екенін айқын байқатты. Ислам Каримовтың өлімі туралы мәлімет пайда болғанымен, ресми Ташкенттың «аузы берік» екен, «қыңқ» деп сыртқа сыр бермеді. Ал, қазақстандық медиа айдын бұл ақпаратты қайта-қайта Кремльге «арқа сүйеп» айта берді. Тіпті, посткеңестік елдердің саяси ауа райында түйіршік бұлттай көлеңкесі жоқ ресейлік шенеуніктердің сөзін келтіріп жатты.

Өзбекстан Конституциясына сай, егер президент көз жұмса не қызметін атқаруға қауқарсыз болса, билік уақытша Сенат төрағасына өтеді де ол үш айдың ішінде жаңа басшыны таңдайтын сайлаудың мерзімін жариялауы тиіс. Ал, ала тақиялы ағайынның Парламенті бірлескен отырыста ел тізгінін уақытша премьер-министр Шавкат Мирзиëевке тапсырды. Президент сайлауы 4 желтоқсанда өтеді деп белгіленіп отыр. Үміткерлерді тіркеу 30 қыркүйектен басталады. «Алдағы сайлауға Мирзиëев түсе ме?» деген сауал баршаны қызықтыратыны рас.

Посткеңестік елдер арасында Өзбекстан өзіндік саясат ұстанып келеді. Оны «спартандық» деп атауға да болады. Ислам Каримов елін өзгеден оқшау ұстап, халықаралық одақтар мен ұйымдардан барынша қалыс қалуға тырысты. Оның бір көрінісі – Өзбекстанның әскери доктринасы. Көршінің мұндай ұстанымының бірнеше себебін атауға болады: біріншіден, Өзбекстан географиялық тұрғыда өте қолайсыз орналасқан. Не өзінің, не жақын көршілерінің мұхитқа шығар жолы жоқ. Бұл өз кезегіне дүниежүзімен сауда-саттық жасауға кедергі. Батыс пен Шығыстың нарығына шығу үшін бір емес, бірнеше елмен келіссөздер жүргізу керек. Әрі күнде құбылып тұрған мына әлемде Кәрім ака ол елдің басшыларына күнде болмаса да айында бас иіп барып тұруы керек. Ондайға өзін білдей бір елдің басшысы санайтын тұлғаның амбициясы жібере бермейді. Екіншіден: ішіндегісін өзгеге айтпау ала шапанды ағайынның қанында бар. Айналасын биік қорған-дуалмен қоршап алып, үйде не болып жатқанын сырт көзден таса ұстауға тырысады. Ислам Каримов те сондай саясатты ұстанды. Бүгінгі өзбектер елдің бұл позициясын «орқаворот» (теріс қарап қалған қақпа) дейді екен. Тұтас бір елдің жабық жағдайда күн кешуін қамтамасыз ету үшін ол елдің қауіпсіздік қызметі мен күштік құрылымы мықты болуы керек. Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің қазанды жабық ұстай білетінін бір ғана осы құрылымның басшысы, осы елдегі ең құпия адам Рустам Иноятовтың фотосы тек осыдан біраз бұрын ғана жариялануынан-ақ байқай беріңіз. Оның өзі – қытайлық әріптестерінің арқасында. Ал, 2008 жылы АҚШ-тың дипломатиялық желісінен тамып «кеткен» ақпаратта Каримовтың замандасы Иноятов «өзбек президентінің» негізгі «кілт ұстаушысы» ретінде сипатталыпты. Осыны ескере отырып, келесі президентін де Өзбекстан сыртқы күштердің араласуынсыз-ақ шешуге тырысатыны айдан анық. Тек жаһандық саясат олардың бұл ойын оңайлықпен іске асыруына барынша кедергі келтіруі ықтимал.

Өзбекстан АҚШ-ты да, Ресейді де барынша қызықтыратын мемлекет. Орталық Азиядағы бірқатар елдердің энергетикалық және ирригациялық жүйесі әлі де болса осы Өзбекстанмен байланысты. Ал, ресми Ташкент көршілерінің бетін өзіне қаратуда осы картаны ұтымды ойнатуға тырысып келеді. Қала берді, шекаралас жатқан Ауғанстандағы әскери операцияларды жүзеге асыру үшін АҚШ-қа өзбектердің әуе айлақтары қажет. Сол үшін әлемдік демократияның «ұстыны» болған Вашингтон Каримовтың үнсіз ымырасымен жасалған Әндіжандағы қырғынға да көз жұма қарады. Ресейге де бұл ел осы «қасиеттері» үшін керек. Тек айырмасы, Ауғаннан ауған радикалдар Өзбекстанға еніп кетсе, қасындағы елдердің ғана емес, Кремльдің де күйі кетеді. Сондықтан алдағы президент сайлауына осы екі ел барынша ықпал жасауға тырысатыны осы бастан байқалып жатыр. Каримовтың қазасынан кейін Өзбекстанға АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Даниель Розенблюм мен артынша Ресей президенті Владимир Путиннің келуі Вашингтон мен Мәскеу бұл елде өзінің стратегиялық ықпалын сақтап қалуға тырысатынын байқатты. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі өзінің Ташкенттегі сапарында Каримовтың қазасына көңіл айту үшін әрі АҚШ-тың Өзбекстанмен әріптестікті әрі қарай да ұстана беретінін көрсету үшін келгенін айтса, Путин: «біз өз тарапымыздан бірлесе даму жолымызды, өзбек халқын, өзбек басшылығын қолдау үшін барлығын жасап келеміз. Бізге ең сенімді дос ретінде толығымен арқа сүйеуіңізге болады»,-деді Мирзиëевпен болған кездесуінде. Не керек, екі ел де ишаратпен «бізсіз тірліктерің бітпейді» деп кетті. Осы соңғы кездесуден соң бірқатар сарапшылар Өзбекстанның келесі президенті Кремльдің келісімімен тағайындалатыны туралы тұспал жасай бастады. Шынымен өзбектің екінші басшысы Ресей тарапынан «тағайындала» ма?

Каримовтен кейінгі президент туралы сөз қозғала қалғанда барлығы бір ауыздан Өзбекстанның қазіргі премьер-министрі, прези-денттің міндетін атқарушы Шавкат Мирзиëевтің атын атайды. Каримовпен бірге 20 жылдай қызмет етіп, ең сенімді екі адамның бірі болды. Ислам Абдуғаниұлын жерлеу рәсіміне басшылық етуінің өзінен біраз сыр аңғаруға болады. Мұндай «мәртебеге» ие болу үшін ең алдымен Каримовтың ең сенімді досы – Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Иноятовтың «батасын алу керек». Оның разылығын алған адам келесі президент болады. Ал, Мирзиёевтің есімі Каримовтың ізбасары ретінде көптен бері айтылып келеді. Осы тұста тағы бір ақпараттың шеті шықты: «59 жастағы Өзбек премьер-министрі – Ресейдегі танымал олигарх Алишер Усмановтың туысы» деген әңгіме тарады. Егер осы сөз рас болса, қазіргі премьер Өзбекстанның президенті бола қалса, онда оған Ресейдің ықпалы көбірек жүруі ықтимал. Қала берді, Путин 2007-2011 жылдар аралығында Ресейдің Үкімет басшысы боп тұрғанда Шавкат Мирзиёев онымен тығыз байланыста болды. Кей дерек бойынша ресейлік олигархтармен де жақсы байланысы бар. Ресей Түркиямен араздасып қалғаннан кейін Каримовтың Кремльге барғаны есіңізде болар. Сол кездесуден кейін Өзбекстанның премьер-министріне елдің ауыл шаруашылығын дамытуды тапсырған еді. Ала тақиялы ағайынның ішінде бұл адамның қаталдығы туралы түрлі сөз бар. Тіпті бір кездері Шавкат Мирзиёев «қызметкерін ұрды» деген ақпаратты өзі ресми жоққа шығарып, мәлімдеме де жасаған. Каримовтың орнын баса алатын тағы бір тұлға ретінде президент әкімшілігінің жетекшісі болған Зелимхон Хайдаровтың есімі естіліп қалады. Дегенмен көптеген сарапшылар Өзбекстандағы пост-каримовтық кезеңдегі билік шын мәнінде ҰҚҚ жетекшісі Рустам Иноятовтың қолында қалатынын айтады. Сондықтан, келесі президент соның батасымен болмақ.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter